«ENGLISH FOR JASTAR» ЖОБАСЫ БАСТАЛДЫ
«Жас Отан» ЖҚ мен «Болашақ» қауымдастығы ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін тегін оқытатын «English for Jastar» жобасын іске қосты. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Жас Отан» Жастар қанаты Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Талғат Тілес мәлімдеді.
Жоба мақсаты - ауыл жастарының ағылшын тілін тегін оқуына жағдай жасау, ағылшын тілін үйренуіне жан-жақты қолдаулар көрсету. Сабақтар «English club» және т.б. бағыттарда жүргізіледі. 20 қыркүйекте еріктілер ресми түрде өзінің жұмыстарына кіріскен.
«Нұр Отан» партиясының «English for jastar» жобасы аясында Қызылорда облысында еріктілер жасақталып, ауылды елді-мекендердегі оқушыларды және жастарды ағылшын тіліне оқыту басталды. Жобаның тікелей үйлестірушісі, жүзеге асырушы «Жас Отан» Жастар қанаты. Облыста 19 ерікті жобаға қатысуға ниет білдірген. Жобаға қатысушы еріктілер тестілеуден және сұхбаттасудан өтіп, нәтижесінде 11 ерікті іріктеліп таңдалған», - деді Т. Тілес.
Ал, облыстық оқыту орталығының директоры Сырым Асқаровтың айтуынша, жобаға іріктелген еріктілер арнайы семинар-оқытулардан өткізілді. Олар екі ай бойы Қызылорда облысының барлық жеті ауданында қызмет ететін болады. Сондай-ақ, еріктілер қажетті оқыту әдістемелік құралдарымен, кітаптарымен қамтамасыз етілді. Мұнымен қоса балаларды оқытуға толық жағдай жасалды. Еріктіні оқытуға арналған орны, 3 мезгіл тамақтануы, жататын жері толық қарастырылған. Осы жобаның жүзеге асырылуына облыстық білім басқармасы да қолдау көрсетті. Жоба аясында ниетті оқушыларды толығымен қамту жоспарланған.