Ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас: нені білу керек?
Ұстаз – ұлы тұлға. Бұл қай заманда болмасын осылай қалатын сөз. Себебі олардың ұлылығы еңбегі мен шәкірттеріне берген білім нәрімен өлшенеді. Талмай талаптанып, оқушыларға бар білгенін үйрету оңай іс емес. Ол үшін үлкен сабылық пен қажыр-қайрат керек. Бірақ біз, оқушылар, ұстаздың қадірін біле бермейміз. Ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынас бір-бірімен сабақтасып жатуы керек. Бірақ ол сабақтастық еркелік немесе ұстаздың бетінен алу емес, қайта бір бағытқа үңіле отырып білімнің көзін іздеу. Қазір әлеуметтік желідегі түрлі видеоларға қарап отырсаңыз, оқушы қайсы, ұстаз қайсы ажыртауға болмайды. Қателіктің көбі оқушыдан кетеді. Демократия дейтін ұғым еркіндік болғанымен, ол ұстазға не айтсам да болады дейтін сөз емес. Екеуара арақашықтық сақталу керек. Сонда ғана барып білім санаға дұрыс құйылатын болады. Ал оны ескермеу, тәрбиені шет қалдыру ешқандай білімге нәтиже алып келмейді. Қытай елінде ұстаздарға деген құрмет өте керемет. Иә, ұру дейтін ұғым қате түсінік те шығар. Бірақ ол жақтағы ата-аналар мектепке барған кезде өз балаларын ұстазына мына бір сөзбен табыстап кетеді: «сүйегі сіздікі, жаны біздікі». Шынымен бала мектепті де үй деп қарау керек. Тәртіп бұзса сөз етуі, таяқ жеуі – заңдылық. Бірақ таяқ жеу деген сөз көкала қойдай болып сабалу емес, ұстаздың көрсеткен мінезі болып қалу керек. Біздің елдегі оқушылар шығыстың тәрбиесінен гөрі батыс жаққа еліктейді. Оған себеп көгілдір экраннан беріліп жатқан оқушылар мен ұстаздар туралы фильмдер. Онда оқушы ұстаздың бетінен алып, еркіндіктің екінші жағын көрсетеді. Осыған еліктеген жастар ұстаздың қадірін түсінуден қалды. Тіпті емін-еркін сөйлесіп, ойларына келген әрекеттерін жасауда. Бұл мектепке, ұстазға деген сыйластықтың жоқтығын көрсетеді. Оқушы мен ұстаз арасындағы қарым-қатынастың дұрыс болмауы ата-аналардың қоғамдағы шуына алып келеді. Қай ана, қай әке өз баласын жаманға қисын. Баламның айтқаны дұрыс деп тұрып алатын кейбір ата-аналардың әсерінен ұстаздар қауымы опық жейді. Сондықтан екі жақта қарым-қатынасты дұрыс ұстану үшін, оқшуы өзінің оқушы екенін, ұстаз өзінің ұстаз екенін сезіну керек. Жай ғана сезіну аздық етеді. Сол бағытта жұмыс жасау керек.