Әліппе қайтып келді
Жайма-шуақ жаздың да санаулы күндері қалды. Өткен жылы «тәжтажалдың» шарпуынан бала біткен мектеп қабырғасына бара алмай қалған еді. Онлайн білімнен соң, балалық шақтың қызығына еніп кеткен балалар жуырда білім кенін игеруге қайта кіріспек. Әр жаңа оқу жылының басында еліміздің білім беру жүйесінің тосынсыйына бір қуанып, бір жұбанатын ата-аналар мен оқушыларды биыл қандай өзгерістер күтіп тұр?
Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Алдағы оқу жылында облыс бойынша 294 мемлекеттік және 10 жеке мектепте 173 796 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Оның ішінде мектептің алғаш табалдырығын аттайтын 1 сыныпқа 17746 бала қабылданды. Жаңа оқу жылында жаңалық көп. Биылдан бастап бастауыш сынып оқушылары «әліппемен» қайта қауышып, «Ана тілі» оқулығын оқитын болады.
– 2021-2022 оқу жылына оқулықтармен қамтамасыз етуге 1,1 млрд теңге бөлініп, 15 баспамен келісім шарт жасалды. Қазіргі таңда барлық мектептегі кітаптар ата-аналарға түгелімен таратылды. Сонымен қатар, биылғы жаңа оқу жылына жаңа оқулықтар әкелінуде. Айта кету керек, 1 сынып оқушыларының оқулықтары толығымен жаңартылады. Қазіргі таңда білім беру ұйымдарында санитарлық талаптарды (дизенфекциялық кілемше, кварц шамдары, санитайзерлер орналастыру, антисептиктермен өңдеу) сақтау мақсатында құрал-жабдықтармен барлық білім беру ұйымдары қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, облыс бойынша барлық мектепке дейінгі ұйымдар мен кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдарында «ASHYQ» қосымшасына қосылу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 294 мектеп пен 669 балабақша «ASHYQ» қосымшасына қосылды, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Бақтыбайқызы облыстық баспасөз брифингінде.
Сала маманының сөзіне сүйенсек, бүгінгі күні облыс бойынша 304 мектеп толығымен бейнебақылау камераларымен қамтылған. 2021 жылы 35 мектеп бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, жедел басқару орталығына қосылады. Елдегі ахуалды ескерсек, әлі де жұқпалы індет басыла қоймады. Керісінше күн санап ауру жұқтырғандар саны артып барады. Сондықтан мұғалімдер мен техникалық қызметкерлердің екпе қабылдауы маңызды екені де ескерілді.
Бүгінгі таңда аймақта 29 843 педагог бар. Оның 95,7 проценті вакцина қабылдаған. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру сақтық шараларын күшейтудің бірден бір жолы десек, білім беру ұйымдарындағы 10885 техникалық қызметкерлердің 100 проценті екпе қабылдап үлгерді.
Айта кетейік, жаңа оқу жылында оқушыларды мектеп формасын киюге мәжбүрлемейді. Бұл нарық қысқан мезетте ата-аналардың қиналмауы үшін жасалған жағдай. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2019 жылдан бастап жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясын жыл бойы өтетін форматқа ауыстырған еді. Оған қоса «Ата мекенім» қоғамдық қорының қолдауымен «www.atamekenim.kz» порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» платформасы құрылды. Өз кезегінде демеушілер мен меценаттар ақшалай қаражатты онлайн аудара отырып, осы портал арқылы көмек көрсету бойынша өз ниеттерін жүзеге асыра алады. Бұл платформа тұрақты түрде жұмыс жасай отырып, жаңа тәсілдер арқылы көмек көрсетудің мәдениетін қалыптастыруға, халық пен билік арасындағы ашықтықты қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Облыстық білім бөлімінің басшысы А.Қасымова 2021-2022 оқу жылына дайындық барысын түсіндіре келе облыс көлемінде 12 940 баланы мектеп формасы, аяқ киім және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқандығын да тілге тиек етті.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ