«ӘЛІППЕ» ҚАЙТА ОРАЛАДЫ
Алдағы оқу жылы мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады.
Жуырда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік жалпыға міндетті стандартқа өзгерістер енгізілгенін хабарлады.
– Ондағы маңызды жаңалықтардың бірі – келесі оқу жылында бірінші сынып оқушылары «Сауат ашу» пәнінің орнына «Әліппе» мен «Ана тілін» оқитын болады. Бірінші сынып оқушылары оқу жылының бастапқы екі тоқсанында «Әліппенің» бағдарламасымен танысса, қалған екі тоқсанда «Ана тілі» пәнін оқиды. Сәйкесінше, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение грамоте» пәндері жүргізіледі», – деді министр.
Министрдің сөзіне сүйенсек, «Әліппе» Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде дайындалатын болыпты.
– Қазіргі кезде оқулықтарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобын құрдық. Оның құрамында мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған «Әліппе» оқулықтарының авторлары бар. Орынбасарым Шолпан Каринова осы жұмыс тобының алғашқы отырысын өткізіп те үлгерді. Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кейін басқа мектептерге жіберілетін болады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда, – деді Асхат Аймағамбетов.
Еске сала кетейік, 2015 жылы білім жүйесіне біраз өзгерістер еніп, бастауыш сыныптан «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарын алып тастады. Оның орнына «Сауат ашу» енген еді. Бірақ әлі күнге көпшілік «Балалар ең алдымен өзінің тілін, мәдениетін, руханиятын ұғынып өсулері үшін ұлттық дүниетаныммен байланыстырып жасалған «Әліппеден» бастағаны дұрыс» деген пікірден тайған емес. Енді Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесіне сүйене отырып жасалатын оқулықты ғалымдар мен мамандар баланың санасына сіңімді етіп жасаса игі деген тілек қана бар біздерде.
Г.ЯХИЯ