Жаңа оқу жылында жаңа пән
Міне, жазғы демалыстын аяқталуына санаулы күндер қалды. Ала жаздай демалып, сауыққан балалар қазір алтын ұя мектептеріне оралуға асығып, қажетті оқу құралдары мен киім-кешектерін дайындауда. Ал, білім ошақтарының дайындығы қандай? Осы мақсатта білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов брифинг өткізді.
Жаңа оқу жылы аудан оқушылары үшін бірқатар жаңашылдық мен өзгеріске толы болмақ. Білім және ғылым министрлігінің ұсынып отырған идеяларын жүзеге асыру мақсатында білім бөлімінің басшысы үш ерекшелікке тоқталып кетті. Атап айтқанда, жаңа оқу мазмұнына 3, 6, 8 сынып оқушылары көшетін болады. Ал, 9,10,11 сынып оқушылары классикалық үлгідегі бағдарлама бойынша оқу бағытын жалғастыра береді. Жаңа оқу мазмұнына толықтай 2021 жылы барлық мектеп сыныптары өтетінін тілге тиек етті. Екіншісі, 100 нақты қадамның білім саласы бойынша 79 қадамында білім беру жүйесіндегі жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқытуды, әсіресе жаратылыстану циклында мұғалімдерді А1, А2 В1,В2 салалары бойынша курстардан өткізіп, оларды С1, С2 деңгейіне дейін үзіліссіз білімдерін жетілдіруде. Дегенменде, жаратылыстану циклындағы сыныптар толықтай ағылшын тіліне ауыстырылмайды, тек пән арасында ғана термин сөздер, ағылшын тілінде оқытылады. Үшінші ерекшелік бойынша, 89 қадам нұрлы болашақ ұлттық жобасын әзірлеу, оны жүзеге асыру, мектептік қолданыстағы оқу бағдарламасына мәңгілік ел құндылықтарын енгізу болып отыр. Оның бірі жаңа оқу жылында «Өлкетану» пәні енгізіліп, әр облыс өзінің аймағы бойынша өлкетану пәні арқылы оқитын болады. Туған жерге байланысты, тарихи орындарды танып – білуге, ән-жыр, әдеби саласын тануға арналады.
Айта кететін нәрсе, мектеп оқушылары 98 пайыз оқулықпен қамтамасыз етіліп, 2 пайызы, осы қыркүйектің 1 не дейін толық жеткізіледі. Қазіргі уақытта 9 баспамен келісім шартқа отырып жұмыс жасауда. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясы тамыздың 1-нен бастап, қырқүйектің 30-на дейін жалғасып, әлеуметтік аз қамтылған көпбалалы отбасылар мектепке қажетті құрал жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Осы акцияға аудандағы кәсіпкерлер мен дербес бөлімдер атсалысуда. Сондай-ақ, 2100 бала мектепке қабылданып, одан 84 сынып жасақталады екен. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл бірінші сынып оқушылары көбейгенін бөлім басшысы хабарлады.
Ж.ҚАУҒАНБАЕВА.