Мектептер оқу жылына дайын
Адамзат баласы, әсіресе қазақ халқы өмірге бала әкеліп, оған дұрыс тәрбие беруді басты құндылыққа балайды. Ал тал бесікте ана сүтімен нәр алған тәрбие мектеп қабырғасында ұстаздардың бағыт-бағдарымен толыса түсетіні белгілі. Еліне игі ісімен қызмет етер азамат болуына септігін тигізетін де осы қос орта.
Демек санаулы күндерден кейін оқушыларға есігін айқара ашып, тәлім-тәрбиемен қатар білім нәріне сусындатар білім ошақтарының жаңа оқу жылына дайындығы қандай деген сауалдың туындауы заңдылық. Күміс қоңыраудың үні сыңғырлап, тағы да бір жаңа оқу жылының басталуына тура бір ай уақыт қалды. Осы орайда аудандық білім бөліміне хабарласып, дайындық жұмыстарының жай-күйін сұраған едік.
– Бүгінде ауданда 166 білім ошағы бар. Олардың басым бөлігі, дәлірек айтсақ 126-сы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары. Онда 7 мыңдай бала тәрбиеленуде. Ал ауданға қарасты 40 мектепте бас-аяғы 19 мыңға жуық мектеп оқушысы білім алып келеді. Жаңа оқу жылында 2256 бүлдіршін білім ордасына тарыдай болып кірмек. Бұл былтырғыға қарағанда 182 оқушыға көп, – дейді білім бөлімінің мамандары. Жалпы жыл өткен сайын мектеп табалдырығын аттайтын оқушы саны да ұлғайып жатқаны байқалады.
Дәл қазір мектептерге түгелдей дерлік жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Бұл 15 тамызға дейін аяқталып, білім мекемелері жаңа оқу жылына сақадай сай болмақ. Одан бөлек ағымдағы оқу жылындағы жылыту маусымына да дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Дәл қазір кент ішіндегі 8 білім ордасы орталықтандырылған газ жүйесіне қосылып үлгерді. Ал одан өзге №252, №45, №46 және Ы.Жақаев ауылындағы №149 бен Бидайкөлдегі №148 мектептерді газға қосу мақсатында жоба сметалық құжаттарын дайындау үшін жергілікті бюджеттен 25 млн 136 мың теңге бөлініп, жұмыстар жасалуда.
Жаңа оқу жылына оқулықтарды сатып алу үшін республикадағы 10 баспамен келісімшарт жасалып, 186 млн 132 мың теңге қаржы қаралған. Сондай-ақ жаңа оқу жылында барлық мектептер жаңартылған білім беру мазмұнына байланысты «Өлкетану» оқулығының хрестоматиясымен қамтамасыз етілетін болады. Бұдан өзге бірінші сынып оқушыларын жазу дәптерімен қамту мәселесі де білім бөлімінің назарында.
Жалпы мектептерде дайындық жаман емес. Ауыз толтырып айтарлықтай айшықты жаңалықтарды байқамасақ та, ағымдағы жұмыстар өз ретімен уақытында іске асып келеді. Бала бойына тәрбие мен білімді ұштастыра сіңіретін ұстаздардың жаңа оқу жылында еңбектері еселеніп, абыройы аласармасын деген тілек білдіреміз.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ