Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім беру ұйымдары оқу жылына дайын ба?

Білім беру ұйымдары оқу жылына дайын ба?

Үш айғы демалыстан соң кезекті оқу жылының басталуына да бірнше күн қалды. Дәл қазір білім ордалары оқушыларды қабылдауға сақадай сай тұр. Ұстаздар оқу сыныптарын жабдықтап, біліктілігін пысықтап, еңбек демалысынан серпіліспен оралуда. Мектеп оқушылары да өз кезегінде киім-кешегі мен оқу құралын сайлап, білім күнін асыға күтіп жүр.
Жуырда білім бөлімінің басшысы Болат Сейілханов аудан әкімдігінің баспасөз орталығында брифинг өткізді.
Брифингте жаңа оқу жылыда білім беру ұйымдарының дайындығы, «Мектепке жол» акциясы, оқушылардың оқулықпен қамтамасыз етілуі және өзге де мәселелері сөз етілді.
Ауданда барлығы 40 мектеп болса, оның 33-і орта, 4-еуі негізгі, 3-еуі бастауыш мектеп. Бір кешкі мектеп пен қосымша білім беру ұйымдары тағы бар.
– 2019-2020 оқу жылында 18211 оқушы білім алады деп жоспарлануда. 1 сыныпқа келетін оқушы саны – 2256, өткен оқу жылымен салыстырғанда 182 балаға артық. Қазіргі кезде жылу беру маусымына Шиелі аудандық білім бөлімінің ұйымдарына қажетті отын қоры толықтай қамтамасыз етілді. Аудан бойынша 26 мектеп қажетті қатты отын 9434 тонна, 8 мектеп 913280 литр сұйық отынмен қамтылса, 8 білім мекемесі (№47, №48, №127, №219, №244, №240 мектептер мен Оқушылар үйі, №47 мектеп-лицейдің интернаты) газға қосылды. Мектептердің барлық оқушыларына оқулықтары беріледі. Келісімге сай оқу құралдары білім ұйымдарына 2019 жылдың 25 тамызына дейін жеткізілді, – дейді Б.Сейілханов.
Биыл «Мектепке жол» акция­сы 3 шілдеден басталды. Бүгінгі күнге дейін тұрмысы төмен 1654 балаға мектеп формасы және құрал-жабдықтарымен көмек көрсетілген. «Жүректен жүрекке» ұранымен бастау алған акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады деп күтілуде. Барлық мектептерде ата-аналар үшін акцияның мақсаты мен міндеттері айқындалған ақпараттық насихаттық жұмыстар жүргізілген. Акцияны ұйымдастыру мен өткізу жоспарына сәйкес, оқу орындарында қайырымдылық шаралары, аудандық салтанат сарайында мектеп жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аз қамтылған отбасы балаларын мектепке дайындауға көмек көрсеткісі келетін мейірімді жандар мен аудан кәсіпкерлері тартылуда.
Назерке Мұхамедияраова
30 тамыз 2019 ж. 832 0