Қауіпсіз тағам таңда!

Шиелі аудандық СЭБ басқармасының санитариялық-гигиеналық бақылау және қадағалау, техникалық регламенттерді бақылау бөлімінің бас маманы Мария Асуова бастаған мамандар тағамнан уланудың алдын-алу бағытында жұмыстар жүргізді. Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында дұрыс тамақтануды қалыптастыру, жеке бас және қоғамдық гигиенаны сақтау, жедел ішек ауруы және тамақтан улану жағдайларының алдын алу, тұтынатын тауарлар мен тамақ өнімдерінің құрамын, сапасын, сараптамадан қалай өткізілетіндігін, тұтынушылардың сауда жасауда құқықтарының бұзылмауын түсіндіру сияқты жалпы халыққа қажетті ақпарат беруге бағытталды.
Акцияға базар басшысы Ә.Шорабаев та қатысты. «Бұл акция жалғасын тапқанын қалаймын. Себебі, менің сауда орталығымда сатылған өнімнен аудан халқының ауырғанын қаламаймын. Көмек керек болса әрқашан қол ұшын созуға әзірмін» – деді, орталық басшысы.
Шиелі аудандық СЭБ басқармасы мен облыстық СЭБД ҰСО аудандық филиал бірлесіп өткізген шарада экпресс әдіс арқылы 50 сынама жаңа піскен көкөністердің сапасы мен құрамында нитраттардың бар-жоғы анықталды. Базардағы көкөністерден теріс нәтиже шыққан жоқ. Айта кетейік, ауданда жаз маусымы басталғалы көкөністен улану дерегі де тіркелмеген. Осы көрсеткішті сақтап тұру үшін апта сайын осындай сынамалар жүргізіп, акция ұйымдастырамыз дейді Мария Сұлтанқызы.
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ