Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қауіпсіз тағам таңда

Қауіпсіз тағам таңда


Өткен жұмада Шиелі аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері Ә.Шорабаев базарында «Қауіпсіз тағам таңда» акциясын өткізіп, халыққа дұрыс өнімді тұтынуды насихаттау мақсатында лекция оқыды. Аталған саланың «Ұйымдастыру – құқықтық жұмыс және мониторинг» бөлімінің басшысы Г.Бегайдарқызы бастаған мамандар тағамнан уланудың алдын алу, ботулизм таяқшалары, ұнды фортификациялаудың пайдасы, жедел ішек инфекциясы туралы мәліметтермен елді таныстырып, базардағы көкөніс пен жеміс-жидектерді сараптамадан өткізді. акция барысында ашыған, көгерген, сақтау мерзімі өткен тағамдардың тағамдық токсикоинфекцияны тудыруы мүмкін екендігін ескерткен мамандар ет, балық, шұжық, консервілер, сүт және одан жасалатын кремі бар кондитерлік өнімдердерді пайдаланған кезде аса сақ болуды ескертті.

Бұдан басқа ластанған тағамнан тарайтын инфекциядан болатын аурудың түрі ботулизм туралы сөйлеген мамандар үйде қолдан консервілеу, қақтау, сүрлеу жұмыстарын жүргізу кезінде шикізаттың тасымалдануы, санитарлық-гигиеналық, термиялық өңдеу ережелерінің дұрыс сақталуына мән беру керектігін де айтты. Адамның басы ауырып, ұйқысы қашу, әлсіреп, лоқсу, жүрегінде жайсыздық сезіліп, аузы құрғау, үнемі шөлдеп тұру ботулизм ауруының белгісі екендігі, бұндай жағдайда дереу жедел жәрдем шақырып, науқасқа жедел түрде аталған инфекцияға қарсы арнаулы иммунды сарысу егілу керектігімен халық құлақтанды.
Жер бетінде 3 млрд-тан аса халық зардап шегетін теміртапшылығы анемиясын емдеудегі ең қолжетімді тәсіл фортификацияланған ұнды тұтыну керектігі де шара барысында сөз болды.
Сонымен қатар қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері маусымда балалар мен жасөспірімдер арасында көптеп кездесетін жедел ішек инфекциясының (ЖІИ) алдын алу мақсатында әркім өзінің тазалығы мен тұтынар тамағының сақтау нормаларын біліп, таза ас пен салауатты өмірдің байланысын түсінсе деген өтініш-тілектерін білдірді.

Назерке Мұхамедиярова.
25 мамыр 2019 ж. 1 191 0