Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Азық-түлік бағасын тұрақты ұстауды тапсырды

Азық-түлік бағасын тұрақты ұстауды тапсырды

Жаз шыға елімізде азық-түлік және басқа да халық тұтынатын тауарлар бағасы шарықтап шыға келді. Күнделікті әлеумет тұтынатын тауарлар бағасының көтерілуі көпшіліктің қынжылысын тудырғаны анық. Әлеуметтік желілер де картоп пен сәбіз бағасының өсуі, базар нарқы туралы түрлі ақпараттар жиі жариялана бастады.
ҚазАқпарат агентігі таратқан соңғы жаңалықтарға назар салар болсақ, Қазақстанда картоп жеткілікті. Өңірлердің жедел деректеріне сәйкес, 11 маусымдағы жағдай бойынша рес­публикада 70 мың тоннадан астам әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры бар, дейді ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Келтірілген деректер бойынша елдегі картоп қоры жарты айдан астам уақытқа жетеді (халықтың жан басына шаққанда жылына 95 кг норма болғанда, еліміздің халқы күніне 4,9 мың тонна картоп тұтынады). Бұл – елдегі картоп қорын есептегенде шағын фермерлердегі және халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарындағы сақталған картоп қорының негізгі көлемін (шамамен 80%) есептемегендегі көрсеткіш. Қазіргі бағаларға қатысты: күнделікті баға мониторингі картопқа бөлшек сауда бағасы 138-450 теңге/кг аралығында болатынын көрсетеді. Бүгінгі таңда, ең төмен баға Қостанай (138 тг/кг) және Ақтөбе облыстарында (166 тг), ал ең жоғарғысы Нұр-Сұлтан қаласында (225-450 тг), СҚО (320-340 тг), ШҚО (335 тг) және Қарағанды облысында (270-310 тг) тіркелген. Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, жыл басынан бері картоптың құны 48,6%-ға өскен. Бұл өсім маусымдық сипатқа ие. Мысалы, 2020 жылы дәл осы күні статистика органдары 46%-ға жуық өскенін тіркеген. Жағдайды талдау маусымдық бағаның өсуіне делдалдар мен сауда объектілерінің үстемені көп қосқаны әсер еткенін көрсетіп отыр. Айта кету керек, маусым айынан бастап оңтүстік аймақтарда ерте пісетін көкөністер мен картоптың жаңа өнімі жаппай жинала бастады. Мұнда биылғы картоптың бағасы тоннасына 175-200 мың теңге аралығында. Жақын арада жаңа өнімдерді жеткізу нарықтағы бағаға едәуір оң әсер етуі мүмкін.
Иә, азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне байланысты осыдан бірнеше уақыт бұрын Премьер-Министр Асқар Мәмин Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның биылғы қаңтар-мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары, еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мен егіс науқанының аяқталғаны жөнінде есеп берген болатын. Онда Премьер-Министр Қазақстан экономикасының пандемиядан кейінгі қайта қалпына келу сатысына өткені туралы айтты және көктемгі егін егу жұмыстарының нәтижесінде егіс алқаптары 78,2 мың гектарға ұлғайып, 22,7 миллион гектарға дейін артқаны жөнінде баяндады. Үкімет көктемгі егіс науқанын қаржылық, материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдерді қабылдады. Көктемгі егіс жұмыстарына 128 миллиард теңге қаржы бөлініп, 380 мың тонна жанармай нарықтағы бағадан 14 пайызға төмен сатылған және 405,3 мың тонна тыңайтқыш берілген.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру, құрылыс материалдарының бағасын реттеу, сыртқы және ішкі инвестиция көлемін арттыру, өңдеу секторын дамытып, өсімін қамтамасыз ету арқылы экономиканың құрылымдарын әртараптандыру жөніндегі шараларды жүзеге асыруға баса мән беруді тапсырды.
Қызылорда облысында да бағаны тұрақтандыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынды. Партиялық бақылау механизмдері іске қосылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру жұмыстары мен көктемгі егін науқанының барысы «Nur Otan» партиясы жанындағы «Аграрлық секторды дамыту» жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңестің отырысында талқыланған. Жалпы, облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қоры жұмыс жасайтындығы белгілі. «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жазылған төмендегі мәліметтерді оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
– 2020-2021 жылдары тұрақтандыру қорына барлығы 1,4 млрд теңге бөлінген. Бұл қаржыға 6,6 мың тонна әлеуметтік маңызы бар өнімдер сатып алынып, Қызылорда қаласында орналасқан 29 әлеуметтік дүкен мен 1 маркетке және 5 ірі супер маркеттерде келісім бойынша әлеуметтік бұрыштар арқылы базар бағасынан 15-20 пайызға арзандатылған өнімдер сатылымға қойылған. Сонымен қатар, бас партия парақшасындағы мәліметке сәйкес бүгінгі таңда «Айналым схемасы» бойынша кәсіпкерлік субъектілеріне 500 млн теңге қарыз ақша беру қарастырылған.

«Өскен өңір» ақпарат
15 маусым 2021 ж. 346 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№92 (9256)

20 қараша 2024 ж.

№91 (9255)

16 қараша 2024 ж.

№90 (9254)

12 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930