Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұзады көңіл күйді нарық бағасы

Бұзады көңіл күйді нарық бағасы


Айлық не зейнетақы көтерілсе де, бензин мен мұнай бағасы өзгеріске түссе де сылтауы көп саудагерлер бар сау­дасын бәске тіккендей тауарды қолжетпеске айналдырып, шарықтатып жібереді. Оның жауабы да дайын. Елде теңге құнсызданып, доллар бағасы көтерілген.
Қош. Сонымен, базар десе бағамы қатар жүретін сауданың қазіргі тынысы қандай? Күнделікті тұтынатын өнім – ұнның 1 кг 150-160 тг, 50 кг – 8000 тг құрайды. Ал рожки 1кг – 225-285 тг, қарақұмық – 400 тг, күріш – 220-280 тг, сиыр еті – 1900, жылқы еті – 2000, түйе еті – 2000, тауық еті – 800, жұмыртқаның 10 данасы – 410 тг, күнбағыс майы 1 л – 660-730 тг, тұз – 50 тг, құмшекер – 280 тг, сары май – 1500, картоп – 230, қырыққабат – 150, сәбіз – 200-300 тг, сүт – 300, айран – 250 тг. Мұның барлығы 1 кг деп есептегендегі баға. Бірақ, 1 кг азық-түлікпен адам 1 ай қанағаттанып жүрмейтінін білеміз. Енді осы бағаны бір айлық ішіп-жемге шағатын болсақ, ең қажетті азық-түлікті алғанның өзінде 70-80 мың ақшаңыз жай кететіні анық. Яғни, басқа шығысты есептемегенде бір айлық табысты тек азық-түлікке жұмсайсыз. Бір отбасында бір ғана асыраушысы бар адамға бұл ауыр жүк. Сонда базар бағасының шарықтау шегі жоқ па?
Осы бағаны өткен жылдар көрсеткішімен салтыстырсақ, 2018 жылы сиыр еті – 1350, тауық еті – 570, пияз – 100, сәбіз – 150, күріш – 180 тг, жұмыртқа – 28, өсімдік майы – 350, құмшекер – 220, тұз – 40 тг, 1 бөлке нан – 40 тг болған. Ал, 2019 жылы пияздың келісі – 80, сәбіз – 100-130, картоп – 100-120, қырыққабат – 100-150, тауық еті – 750-800, сиыр еті – 1800, 1 бөлке нан – 65, күріш – 380 теңгенің көлемінде саудаланған. 2020 жылы бұл баға тағы өзгерді. Мәселен, картоп – 160-170, сәбіз – 150-200, қырыққабат – 200, пияз – 100, жұмыртқа – 26-33, сиыр еті – 1750, тауық еті – 850-900, ұнның келісі – 170, өсімдік майы – 370-450, 1 бөлке нан – 80 теңге болған.
Осындай сандар сайраған өзгерісті көргенде базар бағасын тұрақты ұстап отыр­мыз деген әңгіме бос сөз болып қалатыны өкінішті.

Ақбота БАЯНБАЙ
14 мамыр 2021 ж. 515 0