Базар бағасы қандай?
Халық асыға күтетін, қуаныш пен шаттық, үміт пен игі тілекке толы мереке – жаңа жылдың келуіне де санаулы күндер қалды. Әне-міне дегенше келер аптада тағы бір ескі жылды тарих қойнауына тапсырып, жаңа жыл табалдырығымыздан аттағалы тұр. Мереке қарсаңында базардағы сауданың да қызатыны белгілі. Ал баға қалай? Тауардың құны қанша болса да халықтың алмасқа амалы жоқ екенін білген саудагерлер тауардың құнын шарықтатып жатыр ма? Әлде бұрынғысынша тұрақты баға сақтаулы ма? Саралап көрелік.
Базардағы еттің бағасы 1700-1800 теңгеден, ал 5 литрлік күнбағыс майы – 1850 теңге, сәбіз – 120-130 болса, пияз – 100, картоп – 80-100, 25 келілік «Лидер» күріші – 6500 теңгеге тұрақтап тұр. Сондай-ақ бір үлкен қорап пиала шайын 600 теңгеге алуға болады. Ал бір бөлке нанның бағасы әзірше 75-80 теңгеден. Міне, осыған қарап күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы мереке күндеріне қарамастан тұрақты екенін байқауға болады.
Ал жаңа жыл қарсаңында торт пен сыйлықтардың саудасы қыза түседі. Базарға кірер жолдан қаз-қатар тізілген саудагердің барлығы мүмкіндікті пайдаланып, осы өнімдерді сатуға кіріскен. Мәселен, торттың көлемі мен сапасына қарай 1500-2500 теңге көлемінде алуға болады. Ал «вупи пай», «қызыл бархат» секілді тапсырыспен дайындалатын торттардың бір келісі 4500 теңгеден басталады. Осы секілді балаларға арналған тәттіге толы жаңа жылдық сыйлықтардың ең арзаны 500-800 теңгеге саудалануда. Қорабымен ішіндегі тәттілеріне қарай баға да өсе бермек.
Жаңа жыл қарсаңында елдің жаппай алатын тағы бір тауары – отшашу болатын. Бірақ биыл оны сауда сөрелеріне шығаруға қатаң тыйым салынған. Сондықтан әзірге ешқандай отшашулар сатылымда жоқ. Бұл ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін маңызды.
Міне, базар бағасы қысқаша осылай. Көпшілік жылына бір келетін жаңа жылды жоғары деңгейде атап өтеміз деп біраз қаржы жұмсауға әзір тұрады. Мерекелік дастарқан, достармен бас қосу, кешкі көйлек, балаларға сыйлық, туған-туысты құттықтап бару қалтаға біраз салмақ салатыны рас.
Осы ретте несібесін сауда-саттықтан тауып отырған кәсіпкерлер халықтың қалтасына салмақ салмай, былайынша айтқанда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» ортақ баға шығарып жұмыс істесе, нұр үстіне нұр болар еді.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ