Мәдениетім – мәртебем
Мәдениет пен өнер – рухани жаңғырудың өмірлік мәйегі. 21 мамыр – қалам сертін қалтқысыз атқарып жүрген ақын-жазушының, өнер мен тарих тағылымымен таныстыратын музей қызметкерінің, білім бұлағымен сусындатуда көмегін аямайтын кітапханашының, мазмұнды қойылыммен көрерменге ізгілік нәрін сыйлайтын театр және опера әртісінің, өңірлерлердегі мәдениет ошақтарында қызмет етіп жүрген өзге де мамандардың еңбегін елеп, алғыс айтатын кәсіби мереке. Осыған орай, 21 мамыр күні аудандық Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде «Мәдениетім – мәртебем» атты кеш өтті.
Көрермені жоқ онлайн шарадан шаршаған жүргізушілер аздаған көрерменді көріп қуаныштан бал-бұл жайнап жүрсе, бишілер бейнекамераға қарап онлайн шараға арнап би билеп жүр. Күллі адамзатқа зиянын тигізген пандемияның әлегін осылай шағын ғана қойылыммен шатасып жүрген қызметкерлердің еңбегін әсерлеп жеткізді. Осылай кеш көңіл-күйді көтеретін ерекше әзіл аралас қойылыммен басталды.
Бұл күн халқымыздың бай мəдени мұрасы мен руханиятының дамуына үлес қосып келе жатқан азаматтарды жұдырықтай жұмылдыратын мерейлі мезет. Сол себепті, аудан әкімі Қ.Мүбараков ауданның мәдениетіне өз үлестерін қосып, аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлерді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет Грамотасымен аудандық кітапхана басшысы Г.Жақыпова, облыс әкімінің алғыс хатымен А.Әшімқызы, облыстық мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының алғыс хатымен Е.Бәйімбетов, А.Жакеев және аудан әкімінің алғыс хатымен 19 қызметкерді марапаттап, толағай табыс пен қажымас қайрат, дендеріне саулық тіледі.
Құтықтаудан кейін «Қытық» әзіл-сықақ отауының әзілдері жиылған жұртты күлкіге қарық қылса, «Аяла сен мені» мен деп Сафуан Көрегенов пен Думан Сәбитов ән шырқады. «Бұлбұл» әнімен Айгүл Еркінбайқызы бұлбұл құсынан кем түспей сыңғырлаған үнімен тыңдарманын тамсандырды. Одан соң патриоттықтық рухты көтеріп «Ризамын» әнімен Римма Ералы, Құтты мекенге арнап «Шиелім» әнімен Мөлдір Әлиева сахна төрін әуенмен әуелетті. Домбыра аспабы арқылы шет ел әуендерінен попурри орындаған Әділбек Тәшімов пен Кенжебай Жүсіп орындаған «Вокзалдағы оқиға» бүгінгі кештің көркін қыздыра түсті.
Ақбота Баянбай