Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 2500 КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

2500 КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ

5 ақпанда өткен Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлау бойынша мемлекеттік комиссияның отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиіс. Барша қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күні қарсаңында табиғат ананы аялау жұмысына белсене атсалысуға шақырамын» дей отырып, «Таза табиғат» жобасын әзірлеуді ұсынған болатын. Осыған орай, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев 21 наурыздан бастап бұлақтардың көзін ашу, елді-мекендер мен су айдындарын қоқыстан тазарту шаралары мен ағаш егу үшін орман алқаптарында 2 млрд, елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызу туралы тапсырмасын орындауға «старт» беріп, ағаш көшеттерін отырғызу жұмысы «Мекенім – жасыл елім», «Менің ағашым» акциялары аясында жүзеге асатынын мәлімдеген.
Киелі Түркістан қаласынан бастау алған ұлттық шараға Шиелі өңірі де ыждағаттылықпен атсалысты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында бастау алған игі бастамаға аудан басшысы Қамбарбек Мүбараков және барлық мемлекеттік мекеме ұйымдары, жастар мен аудан тұрғындары Ы.Жақаев саябағында ағаш отырғызып, елімізді, тұрғылықты өңірімізді көгалдандыру мақсатындағы ұлттық шараға белсене қатысты.
Жалпы, аудан бойынша 2500 түп ағаш отырғызылды. Өңірдегі топырақтың құнарлығына қарай Қарағаш, Терек, Үйеңкі, Шаған, Қарағай және Қызылтау сияқты жасыл екпелерге басымдық берілді.

Ақбота БАЯНБАЙ
24 наурыз 2021 ж. 646 0