Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » 4500 көшет егілді

4500 көшет егілді


Туған өлкемізді жасыл желекке бөлеп, тазалықты сақтау – баршамызға ортақ міндет. «Туған жерге туыңды тік» деген халық даналығын ескерсек, өскен ортамызды абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына атсалысу әрбір тұрғынның азаматтық ұстанымы болуы тиіс.

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу — маңызды істердің бірі. Барша жұртты жұмылдыратын тал егу жұмысы арқылы балалардың табиғат-анаға, күллі жаратылысқа деген ықыласын оятып, адам баласының табиғатпен үйлесімді түрде дамитынын ұғындыру парыз. Қоршаған ортаны қорғау, айналаны таза ұстау мақсатында өткен сенбіде «Бүкіл қазақстандық ағаш отырғызу күні» өтті. Республикалық акцияға ауданда белсенділік танытып, сенбілік өткізді. «Облыстық ағаш отырғызу күні» акциясы аясында өткен сенбілікке барлық бөлімдер мен мекемелер, ауыл округі әкімшілік қызметкерлері қатысты. Бос алаңдар мен иесіз аумақтар әр селолық округтегі мекемелер мен ұйымдарға бекітіліп берілді. «Ағаш отырғызу күні» акциясы аясында ауданға кіре беріс И.Әбдікәрімов, Байтұрсынов көшесі бойына және «Самара-Шымкент» автожолына, кенттің орталығы мен барлық ауылдық округтердің кіре берістері мен орталық көшелерінің бойына саялы ағаштар, түрлі көшеттер және қаламшалар отырғызылды. Аудан бойынша барлығы 2850 адам қатысып, 4500 түп көшет егілді. Сонымен қатар, Талаптан ауылдық округінің жеке кәсіпкері Даулетов 20 мың түп алма көшеттерін отырғызып, осындай игі бастаманы қолына алды. Көктемгі маусымда ауданда санитариялық тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстары апта сайын тұрақты жүргізіліп келеді. Бұл акция өз дәрежесінде жоғарғы деңгейде өткізілді.
Бұл шараның негізгі мақсаты – арнайы белгіленген орынға жас көшеттер отырғызып, аудан бойынша тазалау жұмыстарын жүргізу еді. Туған жерімізді, ауламызды таза ұстап, абаттандыру, оны жасыл желекке бөлеу – баршамыздың басты борышымыз.

Ж.Ноғайбайқызы.
23 сәуір 2019 ж. 1 986 0