Музейдегі мереке
Қазақ қаншама зұлматты басынан өткерсе де әлімсақтан аузынан шүкірін тастамаған халық. Сол шүкіршілігінің арқасында кешегі Кеңес заманында тұтас елдің көзін құртуға арналған түрлі сұрқия саясаттан аман-есен шығып, Тәуелсіздігін алып, егемен ел болды. Өткен жыл әлемді әбігерге салған падемия еліміз үшін де оңайға соқпады. Індеттің өршіп кетуі себепті елімізде карантин жарияланып, халқымыз бабадан мирас болған ұлттық мерекелерімізді тойлаудан шет қалды. Тойлау былай тұрсын, тіпті емін-еркін аман-саулық сұрасудың өзі мұң болған еді. Дейтұрғанмен, халқымыздың мемлекет белгілеген тәртіпке бағынып, сабыр етіп, дұға-тілегінің арқасында мамыражай сәтке қайта қол жеткізе бастадық. Шүкір!
Жер жаһанға құт әкелген әз-Наурыз мерекесі өткен аптада төңіректегі Ы.Жақаев ауылында жаңаша сипатта көрініс алды. Елді мекендегі Ы.Жақаев атындағы күріш өсіру тарихы музейінде Наурыз мейрамын ерекше форматта өткізу мақсатында музей ауласына алтыбақан құрып, «Алтыбақан аясында» атты іс-шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары, БАҚ өкілдері және музей қызметкерлері қатысты.
Мерекеде аудан әкімінің орынбасары А.Есмаханов пен аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Н.Палымбет сөз сөйлеп, жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар, шарада ауылдың «Асыл әжелер» ансамблі ән салып, «Жұлдыз» би тобы өз өнерлерін көрсетті.
«Өскен өңір» ақпарат