Құрметті Шиелі ауданының тұрғындары, әйел-аналар!
Қай елде, қайсыбір халықта болмасын әйел-ана – тіршіліктің нәрі, берекенің бастауы, бірлік пен отбасының ұйытқысы, елдің болашағын қалыптастырушы. Оның ішінде қазақ халқы қыз баланың, әйел – ананың беделі мен мәртебесін биік санаған.
Шиелі ауданының бір топ азаматшаларының әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасын ауданның аға буын өкілдері талқылап, үндеу жолдағанды жөн көрдік.
90 жылдан астам тарихы бар киелі өлкенің еңбекқор халқы өз несібесін жерден теріп, кәсібін игеріп, қандай таршылық заманда да сағы сынбаған, Еңбек Ері, Батыр аналарымен мақтанған қасиетті ел. Ауданның бүгінгі тіршілігі де, халқының тұрмысы да басқа елден көш ілгері. «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген қарапайым халық ұрпағын ұлықтап, барына қанағат етіп, үлкенін құрметтеп, кішісін қастерлеп, маңдай тер, адал еңбекпен өркенін жайып отыр. «Ешкімге қол жайма, тіленіп, сұраншақ болма, денің сау болса, ризығыңды өзің тап, арың мен абыройыңды сақта» деп тәрбиелеуші еді үлкендер. Қазір заң үстемдік құрған, жаңа ғасырдағы бейбіт те тыныш заман. Жаһандық бәсекелестік ғасырында «Өзгер немесе өзгеріске бейімдел!» деген қатаң қағида бар. Бұл барлығымызға, аналар мен қыздарға жоғары міндеттер қояды. Жаһандық тарих – ол дәстүрлер мен инновациялар үйлесімі. Бүгінде бүкіл халықты ортақ құндылықтар – жасампаз еңбек, татулық пен келісім, ұлт бірлігі, елің мен жерің үшін мақтаныш, оның ұлы тағдырына, тарихына қатыстылық біріктіреді.
Сондықтан біздер, аға буын өкілдері, барша азаматтарды әдептілік пен ар-ождан нормаларын, заңдылықтарды қатаң сақтауға, туған жерді көркейтуге, дені сау ұлт қалыптастыруға шақырамыз! Қазір бүкіл әлемде індет тарап, адамзатқа қауіп төнуде. Бүкіл халық болып, талаптарды орындап, індеттің таралуына тосқауыл болайық!
Осы тыныштығымыздың қадіріне жетіп, балаларымыздың келешегін бірге құрайық! Шиелі ауданы халқының атына сын келтірмей, әрбір шаңырақтың түтінінің түзу шыққанын тілейік! Осынау алмағайып кезеңде ел басқарған азаматтарға қолдау білдіріп, әлемді шарпыған кеселден өзімізді, ұрпағымызды сақтайық! Біз біргеміз!
Шиелі аудандық Қоғамдық Кеңесі,
Шиелі аудандық ардагерлер Кеңесі,
Шиелі аудандық әйелдер кеңесі