Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Заң. Үміт. Нәтиже

Заң. Үміт. Нәтиже

Бір жылды артта қалдырған құқық қорғау қызметкерлері 12 айда атқарған жұмыстың нәтижесін сараптауға кірісті. Ақпан айының 5 жұлдызында Шиелі ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі Нұрболат Дүйсенбаев ауылдық округтерді аралап, халыққа есеп беруді бастады. осы аптада Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Қоғалы, Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек ауылының тұрғындарымен дидарласты.
Есепті жиынға аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов пен түрлі сала басшылары қатысты. Шиелі ауданының прокуроры Н.Дүйсенбаев: «2019 жылы 259 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 22,2 процентке, бөтен мүлік ұрлығы 22,9 процентке төмендеген. Ал есірткіге байланысты 20 қылмыс, кісі өлтіру бойынша 2 дерек тіркелген», – деп жыл бойы орын алған оқиғаларды тізбектеді. Жалпы былтыр аудан көлемінде 37 жол көлік оқиғасы орын алып, жол апатынан 54 азамат әртүрлі дене жарақатын алса, 7 азамат қайтыс болған. Осы орайда аудан көлемінде жол көлік оқиғаларының алдын алу, болдырмау мақсатында «Қауіпсіз жол», «Автобус», «Құқық тәртібі», «Абайлаңыз, балалар» секілді жедел профилактикалық іс-шаралары республика, облыс және аудан көлемінде 26 мәрте өткізілгенін тілге тиек етті. Одан әрі ауыл тұрғындары көкейкесті мәселелерін айтты. 7 ауылдық округтегі басты мәселе мал ұрлығына келіп тірелді. Прокурордың дерегі бойынша өткен жылы 63 мал ұрлығы орын алған. Тіпті тышқан жылының басталғанына 1 айдан енді ғана асса да, мал ұрлығына байланысты тағы да қылмыстар тіркеліп жатқан көрінеді. Ауыл тұрғындарының бірі Ә.Оралбаев «Мал бағып, күн көрген ауыл тұрғындарының берекесі қашты. Қорада тұрған ірі қара ұрының қолында кетеді ме деген қауіппен жатамыз. Менің де қорамда тұрған сиырым қолды болды. 21 желтоқсан күні арыз жазған болатынмын. Бірақ әлі ұры ұсталмады» десе, Н.Аманжолов «Мал ұрлығының саны артпаса, кемитін түрі жоқ. Ұрылар ұсталған күнде де кешірім беріп, қайта бостандыққа жібереді. Күні-түні қорадан шығармай күзетіп отырған малдың өзі ұстағанның қолында кетуде. Бұл қылмысты ауыздықтаудың амалы бар ма?» десті.
Прокурор Н.Дүйсенбаев мал ұрлығына байланысты заңның күшейгенін тілге тиек етіп, екінші мәрте ұсталған ұрыға ешқандай кешірім берілмейтінін айтты. Сондай-ақ малды қараусыз қалдырмай пада ұйымдастыру мәселесін қолға алуды ұсынды. Кездесудің негізгі мақсаты халықтың мұң-мұқтажын білу, жаңа жылға жоспар сызып, өткен жылды қорытындылау болатын. Осы орайда Қоғалы халқы отын, көмір жеткізу мәселесін көтерді. Өткелден өту, кенттен көмірді жеткізудің машақаты мен қаржысы әжептәуір салмақ салғанын айтады. Өзекті мәселені қағазына түртіп алған әділет кеңесшісіне бейнебақылау камерасын орнату, көлікпен қатынаудың жол ақысын бақылауды және учаскелік полиция қызметкерлеріне көлік бөлу жөнінде ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
Президент Қ.Тоқаев халық пен билік арасында ашық диа­­лог орнату керектігін айтқан болатын. Бұл есепті жиын сол ашықтықтың дәлеліндей көрінді. Халық ойындағысын ашық айтып, әрбір істі заңды түрде шешудің пайдасын ұққандай. Қылмыстың өтеуі жаза екенін білген халық бар мәселесі заңмен шешім табарына сенді. Қорадағы төрт түлігінің қауіпсіздігіне үміт артты. Ендігі нәтиже құқық қорғау қызметкерлерінің жұмысымен өлшенбек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ
07 ақпан 2020 ж. 379 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№70 (9234)

03 қыркүйек 2024 ж.

№69 (9233)

30 тамыз 2024 ж.

№68 (9232)

27 тамыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30