Қылмыс неге көбейді?
Сәрсенбі күні аудандық Арман мәдениет үйінде Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық мәжіліс өтті. Шиелі ауданы прокуроры Нұрболат Дүйсенбаевтың ұсынысымен өткен мәжіліске аудан әкімі Әшім Оразбекұлы төрағалық етті.
Шиелі киелі мекен. 5 ғасыр адамын, даңқты еңбек ерлері мен ақын-ғалымдар шыққан құтты ұя. Өндірісі өркендеп, әлеуеті артқан өңір. Алайда, құқық бұзушылықтың белең алып, қылмыс санының артуы ауданды артқа тартып тұрғанын жасыра алмаймыз. Бүгінгі күнге дейін 333 қылмыстық іс тіркеліп, кісі өлтіру, есірткі, мал ұрлығы өсім алған. Қызылорда облысы бойынша жыл басынан бері ауыр сипаттағы көрсеткіштер дерегіне сүйенер болсақ, Шиеліде – 47, Қазалыда – 30, Аралда – 28, Жаңақорғанда – 26, Қармақшыда – 23, Жалағашта – 19, Сырдарияда – 15 қылмыс тіркеліп көш бастап тұрмыз. «Қоғам үшін қауіпті адам қылмыскер. Қылмысқа жақын кісі, өзінің жеке басының мақсатын іске асыруды көздеп жүреді. Ол сол жолда тіпті ештеңеден тайынбайды. Біреуді жәбірлейді, әлдебіреудің қанын төгеді, тонайды, ұрлық жасайды, бопсалаумен айналысады. Әрбір қылмыстың астарында көп себеп бар – кек алу, өшпенділік, есе қайтару, пайда табу, жұмыссыздық, тағысын тағылар. Негізінен қылмысқа бейім келетіндер осы жұмыссыздар», – деді прокурор Н.Дүйсенбаев мәжіліс барысында.
Аудан прокурорының орынбасары А.Абдуллаев 2019 жылы орын алған қылмыстылық жағдайлар мен олардың алдын алу шаралары туралы баяндама оқыды. Онда биылғы жылы қасақана адам өлтіру бойынша 2, есірткі қылмысы 2, мал ұрлығы 56, қорқытып алу қылмысы 1, спиртті ішімдіктерді лицензиясыз сатудың 6 дерегі көрсетілген. Сондай-ақ, 37 жол көлік оқиғалары орын алып, 54 адам зардап шексе, 47 адам жарақат алып, 7 адам көз жұмған. Бұл көрсеткіштер өткен жылмен салыстырғанда едәуір өсім алып тұр. Мәжілісте аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов мемлекеттік органдармен жасалған профилактикалық шаралар туралы талқылады. Сонымен қатар мал ұрлығының алдын-алу мақсатында ауыл әкімдеріне пада ұйымдастыруды тапсырды. Аудан прокуроры бұл мәселені «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында шешуге ұсыныс білдірді. Ал, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Е.Меңлібеков жердің мақсатына сәйкес пайдаланылуы мен игерілу дәрежесі туралы түсіндірді. Аудан прокуроры Н.Дүйсенбаев аудандағы есірткі қылмысына қатысты нақты сұрақтар қойып, жер бөлімінің тарапынан да қатаң бақылау жүргізілуін талап етті. Мәжіліс соңында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы П.Архабаев қозғалған тақырыптарға байланысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп, ардагерлік ақылын айтты.
Жастар арасында да құқық бұзушылық бар
Баланың ақ адал көңілі қылмыс атаулыдан жырақ болуы тиіс еді ғой, әлде қоғам, ата-ана, мектеп баланың тәрбиесіне жіті мән бермей отыр ма? Кәмелетке толмағандардың өмірі мектеп өмірімен тығыз байланыста. Мектеп – әлеуметтік ортаның бір бөлігі. Бүгінде теледидар мен әлеуметтік желілерге көз салсаңыз оқушылар арасындағы төбелес, мұғалімдер мен ата-аналар арасындағы дүрдараздық белең алып кетті. Алайда, бар жауапкершілікті мектепке жүктеп қою да қателік. Ата-ана, қоршаған орта баланың қалыптасуында үлкен маңызға ие. Осы жылы 268 жасөспірім түнгі мезгілде заңды өкілінсіз көшеде жүргені үшін әкімшілік жазаға тартылған. Оның дені түнгі ойын-сауық орындарында ұсталған. Одан бөлек 2 кәмелетке толмаған жасөспірім 3 мәрте қылмыс жасағаны турасында дерек те бар. Сондай-ақ 21 жасқа дейінгі адамдарға алкаголь сату дерегі бойынша 3 тұлға анықталған. Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялады. Ал жастар жылында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың көрсеткіші көңілімізге қаяу салмай ма? Кәмелетке толмағандардың қылмысқа баруын қалай тежейміз? Көше түсініктері, жастардың арасындағы қылмыстың тыйылмай отырғаны – бірігіп ойласатын жағдай. Бәлкім, біз тәрбиені уыстан шығарып алған шығармыз? Мүмкін балаларға қатысты тәрбие технологияларын өзгерту керек шығар? Бала қылмысқа барды. «Неге барды, не түрткі болды?» деген мәселеге мән бергеніміз жөн шығар. Жалпы, ауданда қылмыс неге көбейді?
Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ