Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қысқа дайындық пысықталды

Қысқа дайындық пысықталды

Сейсенбі-сәрсенбі күндері ауданда «Қысқы кезең жағдайында төтенше жағдайларды жою кезіндегі іс-қимылдарға азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдары мен күштерін дайындау» тақырыбында «Қыс-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының жиыны өтті. Оқу-жаттығуға аудан әкімінің аппараты, төтенше жағдайлардың алдын алу және жою комиссиясы, азаматтық қорғаудың аудандық қызметтері, авариялық-құтқару қызметтерінің және азаматтық қорғаныс құрамалары, ұйымдар мен мекемелер қызметкерлері қатысты. Бұдан бөлек азаматтық қорғаудың 14 қызметі және аудандық авариялық-құтқару құрамалары бойынша 55 техника жұмылдырылып, 194 адам қысқа дайындықты пысықтады.
Оқу-жаттығуға аудан әкімінің орынбасары Т.Жағыпбаров басшылық жасады. Сондай-ақ өңірлік штаб бастығы болып Шиелі ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ж.Мампаев бекітілді.
Жаттығу үш оқу орнында жүргізілді. Алдымен «Шымкент-Самара» тас жолы бойында қыс кезеңіндегі төтенше жағдайларды болдырмау үшін құтқару құрамалары мен аудандық азаматтық қорғау қызметтерінің саптық қарауы өткізілді. Одан кейін қатысушылар №127 Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-лицейінің «Жылу қазандықтарындағы аварияларды жою» тақырыбы бойынша оқу-жаттығу жасады. Бұл оқуға өрт сөндіру тобы, жедел жәрдем бригадасы және электр жүйесі бойынша авариялық қалпына келіру командасы атсалысты. Ал үшінші оқу орны «Шиелі-Тайқоңыр» тас жолының бойында өтті. Мұнда оқу-жаттығуға қатысушыларға республикалық және жергілікті маңызды автомобиль жолдарындағы апат зардаптарын жоюды тапсырды. Тапсырманы орындауға өрт сөндіру звеносы, қоғамдық тәртіпті сақтау тобы, сауда және тамақпен қамтамасыз ету буыны қатысты.
Әр оқу орнындағы жиындарды арнайы құрылған комиссиялар қорытындылап, өз бағасын айтып отырды.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі

09 қараша 2019 ж. 783 0