Жүйріктердің құтты мекені
Жер жылып, көк көтеріле бастаған уақыттан кетпенін иығына іліп, жермен жолдас болған диқаншы қауымның алажаздайғы бейнетінің зейнетін көрер сәт те жетті. Адал еңбек, маңдай тердің ақысын жер ана жемейді. Егін-терімнің биылғы біссіміләсі жаман емес. Еңбеккерлер ойдағыдай өнімге қол жеткізіп, көңілдері көтеріңкі. Шиелінің брендіне баланған Сыр маржанының алғашқы дәні қамбаға құйылып, астық алаңдарында таудай үйіліп жатыр. Күз – қамбаны қызылға толтырған диқаншылардан бөлек, төрт түлікті түгендеп, малдың соңында жүрген шопандардың да өрісін кеңейтіп, мал басын көбейтіп, қорасы төлге толатын мезгіл. Даланы алтын түске бояп, ризық-несібенің молайып, берекенің бастауы болған күз мезгілінің кереметі де осында болар бәлкім.
Әуелден жинағанын тойға жұмсағанды жақсы көретін халықтың ұрпағы емеспіз бе? Алтын күз мерекесі қарсаңында алғашқы мерекелік шараның тұсауы сәрсенбі күні теріскейдегі Жиделіарық елді мекенінде кесіліп, Жиделіарық ауылының 90 жылдық мерейтойы тойланды. «Жүйріктердің құтты мекені – Жиделім» тақырыбында ұйымдастырылған торқалы тойға ауылдың еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін ауызбіршілікпен атсалысқанын елді мекеннің кіреберісінен бастап байқауға болады. Шара ауыл орталығындағы шағын алаңда, ашық аспан астында өтті. Соңғы уақытта ел арасында «өнерпаздар мекені», «өнерлі ауыл» деген атаққа ие болған Жиделі ауылының өнерпаздары бұл жолы да жолынан жаңылмай, ауылдың тоқсан жылдық тарихын сахналық қойылым арқылы керемет көрсетті. Болашақ ұрпақтың санасына сабақ боларлық көріністе, ауылдан шыққан еңбеккерлердің бірі қалмай сомдалды. Тағылымы мол сахналық қойылымнан соң құттықтау сөз алған аудан әкімі Ә.Оразбекұлы мінбеге көтеріліп, ауыл тұрғындарын меншікті мерекелерімен құттықтап, Жиделіарықтың осы уақытқа дейінгі жеткен жетістіктерімен қатар елді мекенде алдағы уақытта атқарылатын жұмыс жоспарлары жайлы аз-кем тоқталып өтті.
Осыдан кейін кезек республикалық жас ақындар айтысына берілді. Республикалық сайыстарда атой салып, ел назарына ілініп жүрген С.Нығызбай Қарағанды, Г.Ықыласқызы Түркістан, Т.Совет Нұр-сұлтан, Ш.Құдайберген Шиелі, А.Төлеген Шиелі, Ғ.Шыңғысхан СҚО, Б.Орынбасар Арал ауданы, Б.Ержігіт Шиелі ауданының намысын қорғаған жас ақындар сахна төріне озды.Сөз маржанын тереңнен сүзген, сүбелі сөз бен орамды ойдың орайын тауып айтатын ақындар Жиделі аспанын жырға бөлеп, ауыл шежіресі мен тарихын сөздеріне арқау етті. Сонымен қатар ақындар назарынан ұлттық мүдде, елдік мәселе де шет қалмады. Әсіресе бүгінгі күннің бас ауруына айналған мал ұрлығына қатысты мәселені сөз зергерлері өлеңмен өрбітті. Үш сағатқа созылған жыр додасында үшінші орын болашағынан зор үміт күттіріп отырған шиелілік бала ақын А.Төлегенге бұйырса, екінші орынға Нұр-сұлтан қаласынан келген Төрехан Совет тұрақтады. Ал айтыстың сәнін кіргізіп, кешегі сал-серілерше сөз саптаған Жаңарқалық ақын С.Нығызбай бірінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Жиделіарық ауылының 90 жылдық тойының бас жүлдесі түркістандық ақын қыз Г.Ықыласқызына табыс етілді.
Жүлдегерлерді ауданның бас ақыны Кенжебай Жүсіп, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Исабек Байкенжеев, мәдениет қайраткері Әшімхан Оспанов және ауыл әкімі Ерлан Әбілдашевтар құттықтап, арнайы тағайындалған ақшалай сыйлықтармен марапаттады .
Жиделіарық ауылының 90 жылдық мерей тойы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Күн бесіннен ауғанда ауыл сыртындағы атшабарда ұлттық спорт түрі көкпар ойыны ұйымдастырылды. Аталған шараға ауыл азаматтары төрт жүз мыңға жуық ақшалай сыйлық пен бір жеңіл автокөлік тікті. Ұлттық ойынды ұлықтау мақсатында өткен ерлер сайысына екі жүздің үстінде ат тер төкті.
Жиделіарық ауылының 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған көкпарға Қызылорда қаласы, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Түркістан облысының жауырыны қақпақтай, шоқпар білекті, жүрегінің түгі бар жігіттері қатысты. Ойын барысында шабандоздар екі мәреге бөлініп сайысқа түсті. Атап айтар болсақ, Нартай, Еңбекші, Жиделіарық ауылының балуандары шығыс жақ беттегі қазандыққа салымдарын салса, қонақтар тақымындағы серкелерін батыстағы қазандыққа тастады. Осылайша әр салым он мың теңгеден аталып көкпаршылар ойын көркін қыздыра түсті. Ал өгізөлдіге тігілген жеңіл автокөлікті 200 балуанның арасынан суырылып шығып, астындағы сәйгүлігімен оқ бойы оза шауып, тақымындағы серкені қазандыққа тастаған жерлесіміз Жасұлан Айтбайға бұйырды. Осылайша сәрсенбінің сәтті күні өткен Жиделі ауылының 90 жылдық торқалы тойы ұлттық құндылықтарымыз насихатталып, рухани азық берген кештің бір болды.
Елдос Жүсіп