Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек жұлдыздары ортамызға оралғандай

Еңбек жұлдыздары ортамызға оралғандай


Күз келіп, еңбеккерлер тынымсыз еңбегінің сыйын көруде. Қамбаға астық құйылып, «алтын күз» мерекесі де тойланды. Ала жаздай белі бүгіліп, ел кірісін еселеп жүрген осынау жандарға қанша құрмет, қандай қошемет жасасақ та артық емес. Жасаған жұмыстары насихатталып, өзгелерге үлгі, өнеге болуда. Еңбектен бақытын тапқан жандардың жұлдызды сәттерінің бірегейі – мектеп қабырғасындағы күзгі балл мерекесі. Оқушыларға «Еңбек нанының дәмін» айқындайтын мереке бұл. Иә, адам баласының еңбекпен ғана еленіп, бақытын еңбектен ғана табатынын ұқтыру мақсатымен ұйымдастырылатын аталған шараның берері мол.

Нақ осы көрініс ақын Нартай ауылындағы №156 Н.Бекежанов атындағы мектептің бір күнінде көрініс тапты. Сөзімізді нақтылар болсақ, күзгі балл кешінде Социалистік Еңбек Ерлерінің даңқты жолдары дараланып, қатысушылардың танымын кеңейтті.  Бұл сынға 8-10 сыныптардың оқушылары қатысып, 5 бөлім бойынша сынға түсті. Кеш басталмас бұрын  әр сыныптан сайысқа қатысушы үміткерлер ортаға шақырылып, көз тартар киім үлгілерімен көпшілік көзайымына айналды. Сонымен, әр сайыстың соңында әділ қазылар алқасы бағасын беріп, өнерлерін саралады.
Қатысушылар өздеріне берілген тапсырмалар бойынша бекітілген Еңбек Ерлерінің өмірлерін таныстырып, еңбек даласындағы кейбір сәттерінен көрініс қойып, шараның мазмұнын айшықтай түскендей. Түрлі сұрақтарға жауап беріп, эстрада әншілеріне жасалған пародия да көңілдерге қонды. Ал, «Ас атасы – нан» бөлімі бойынша әр жұп дайындаған тағамдардың дәмі тіл үйірді. 
Осылайша, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясындағы білікті ұстаз Ұлзада Алшынбаева ұйымдастырған кеште қоғамды рухани жаңғыртудың негізгі идеяларына басымдық берілді. Әділ қазылар алқасындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Талғат Нақыпов, пән мұғалімі Роза Қожай және тәлімгер Нұргүл Мыханованың шешімімен Рабиға Жүсіпбекова мен Рамазан Ақбердиев «Күз ханзадасы мен ханшайымы» деп танылып, жеңімпаздар жүлделі орындармен марапатталды.
Кеш барысында бір кездері еңбекпен жұлдыздары жанған жандар ортаға қайта оралғандай болды. «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, бұл кеш те өзіндік мазмұнымен естен кетпестей әсер сыйлағаны хақ.
27 қазан 2018 ж. 2 323 0