"Тұлпар мініп, ту алған" республикалық байқауы Шиеліде басталды
Елімізде алғаш рет ұйымдастырылып жатқан «Тұлпар мініп, ту алған» атты республикалық байқауының іріктеу кезеңі бүгін Шиелі ауданында басталды. Байқау Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары аясында өткізіліп отыр.
Батырлар жырын жатқа айтуға қызығушылық танытқандар саны көп болған. Шиелі ауданы бойынша 333 шәкірт бақ сынамақшы. Олар дайындыққа ақпан айынан бастап кіріскен.
Байқауда әдебиетке құштар оқушылар 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа, мәнерлеп айтып шығуы керек. Сонымен қоса, оларға сол жырдың ішіндегі тарихи, көнерген, жер-су атауларының мән-мағынасын ашуға қатысты және қазақ тілі мен әдебиетінен әзірленген сұрақтар қойылады.
Сайыстың аудандық кезеңі 26 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгінгі байқауға тек қатысушылар ғана емес, олардың ата-аналары да тақымдарын қысып, қолдау білдіріп келіп отыр.
Биыл алғашқы рет еліміздің барлық өңірін қамтып отырған байқаудың жүлде қоры да қомақты. Аудандық кезеңде І орын үшін 150 000 теңге, ІІ орынға – 100 000 теңге, ІІІ орынға 50 000 теңге қарастырылған. Облыстық кезеңде бірінші орынды иеленген оқушыға 1 000 000 теңге табыс¬талады. Ал екінші мінберден көрінген шәкірт үшін 600 000 теңге беріледі. Үшінші орынға 300 000 теңге сыйақы бар. Одан бөлек барлық қатысушылар мен жетекшілерге байқауға қатысқандары үшін диплом табысталатын болады.
"Өскен өңір" ақпарат