Ұрпақ тәрбиелеудің тағылымды үлгісі
Қазақ халқының мұқым бітім-болмысы мен тұрмыс-тіршілігі ауыз әдебиетімен біте қайнасып жатыр. Бертінге дейін ата-бабамыз жас өрендерге өнеге болатын жыр жаттатқызып, рухани қорын молайтатын әңгіме-дастан айтқан. Себебі, тәрбиенің тамыры ауыз әдебиетінде жатқанын әу баста ұғынған. Ертегі – баланың ой-өрісін дамытып, қиялына қанат бітірсе, жаңылтпаш – тілі былдырлап енді шыққан бөбекке көп көмегін тигізеді. Ал мақал-мәтел тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтуға машықтандырады. Осы және өзге де әдеби мұралардың ішінде батырлар жырының орны бір төбе.
Батырлар жыры – ұл баланың санасына ерлік, батырлық ұғымын сіңіруге септігін тигізеді. Бұғанасы қатпаған бозбалаға ел шетіне жау келсе, алдыңғы шептен табылып, қайрат көрсетіп, қаһарын таныту азаматтық парызы екенін ұғындырады. Сондай-ақ отансүйгіштікке, өжеттікке баулиды. Жыр тек жігіттерге ғана тәлім-тәрбие бермейді. Қыз баласы батырлық жырындағы аналар мен жұбайларынан өнеге ала алады. Өйткені, қай жырды алсаңыз да, батырдың жары ақылды, сабырлы, көреген болып суреттеледі. Ол ері еңку-еңку жер шалғанда жасымай, қайта батырға ақыл қосып, атын баптап, жорыққа шығуына жәрдемдеседі. Осының арқасында батыр қиындықтан қаймықпай, жүгі жеңілдейді. Міне, нәзік жандыларға эпостық жырлар осындай үлгі көрсетеді. Ендеше ұлттық тәрбиенің қайнар көзі осы тектес жырда жатқанына шүбә келтіре алмаймыз. Олай болса өскелең ұрпақты осылай тәрбиелеудің тәсілін жалғастыруымыз керек. Бұл орайда «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының атқарар рөлі зор.
Аталған байқауды «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы Елбасы Н.Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастыруда. Жыр жарысының негізгі мақсаты – сан ғасырдан сарқылмай жеткен асыл қазынаның жас санаға азық екенін ұғындыру. Сонымен қатар қазіргі жеткіншектердің халық поэзиясына, ұлттың рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілігін ояту. Оған республика бойынша 6-10 сынып оқушылары қатыса алады. Сайыс аясында қатысушылар 132 беттен, 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айту керек. Содан кейін жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Сайыста шығарманы мүдірместен жаттауына ғана емес, шәкірттің әртістік шеберлігіне және нақышымен айтуына да мән беріледі.
«Тұлпар мініп, ту алған» жарысына еліміздің түкпір-түкпірінен 51 мыңнан аса оқушы қатысуға ниет білдірген. Оның ішінде Қызылорда облысынан 2733 оқушы жырды жатқа айтуға талпынуда. Ал Шиелі ауданы бойынша 333 шәкірт бақ сынамақшы. Олар дайындыққа ақпан айынан бастап кіріскен. Енді қыркүйектің 17-і күні додаға түседі.
Қазір ағайынды Ақниет пен Үміт Алтынбайлар жауапты жарысқа сақадай сай. Апалы-сіңлілер бір мектепте білім алып, дайындықты бірге өткізеді. Ақниеттің ұстазы – Зулфия Сартаева болса, Үміттің жетекшісі – Нүрила Молдабаева. Ағайындылардың бұл бәсекеде топ жаруына ата-аналары да атсалысуда. Өйткені, Ақниет пен Үміт мектепте ғана емес, үйде де жырды мүдірмей һәм мәнерлеп оқуын пысықтайды.
– Ақниет пен Үміттің жырға қызығушылығы жоғары. Екеуінің мінездері, болмысы бір-біріне ұқсас. Қай ортада болсын, белсенділік танытып жүреді. Сабақ үлгерімі де жаман емес. Бұл – шәкірттермен жұмыс істеуді жеңілдетеді. Қазір екеуі 100 беттен аса жырды жаттап алды. Бұған ата-аналарының да еңбегі сіңді деп айтар едім. Олар балаларға «Қобыланды батыр» жырын жаттатып қана қоймай, ұлттық тәрбиені бойына сіңіруде. Аталған жырды оқып өскен бала болашақта аузы дуалы, сөзі уәлі жанға айналады деген сенімдемін, – дейді №50 Абай атындағы мектептің мұғалімі Н.Молдабаева.
7 сыныптың оқушысы Үміт осы уақытқа дейін Ы.Алтынсарин өлеңдерін жатқа айтудан жүлделі орын алған. Одан қалды халықаралық ән байқауларының да жеңімпазы. Әпкесі Ақниет те түрлі сайыста сыналып, бірінші орынды қанжығасына байлап жүрген талантты шәкірт. Сондықтан ұстаздары апалы-сіңлілерге мол үміт артуда.
Шиелі ауданында жыр жаттаудан бір үйдің қыздары Ақерке және Ақниет Смағұловалар да қалыс қалмақ емес. Әсіресе, 9 сыныптың оқушысы Ақеркенің ынтасы ерекше. Бүгінгі таңда ол жетекшісі Гүлмира Сейітқадырмен білмегенін толықтырып, білгенін одан әрмен шыңдауда. Алты алашты бей-жай қалдырмайтын бәйгеге қосқан оқушысынан Гүлмира Жүргенбайқызы жүлделі орын күтеді. Бұлай ойлауына Ақеркенің бүгінге дейін жарыстарда жеңілмеуі себеп.
– Ақерке «Қобыланды батыр» жырын жан-тәнімен түсінеді. Әр тармағын тебіреніп, өзінің ой елегінен өткізіп оқиды. Мен бұл оқушыммен талай сайысқа қатыстым. Шығармашылық байқауға да, өлең оқуға да бардым. Аллаға шүкір, мені абыройсыз еткен емес. Бұдан бөлек ғылыми жобалар мен пәндік олимпиада да үздіктердің қатарынан көрінетін. Енді жаттаған жанға рух беретін жыр сайысынан да бірінші орын аламыз деген ниеттеміз, – деп Ақеркенің мұғалімі ағынан жарылды.
Осы аудандағы апалы-сіңлілі Әбдуалиевалар да ағарту жобасына дайындалып жатқан талапкерлер. Қыздардың үлкені Несібелі – 8 сыныпта оқыса, Ақниет – 7 сыныптың білім алушысы. Білім ошағының ғана емес, бір үйдің үкілеген үміттері жыр жаттауға көктемде кіріскен. Олар жаз мезгілінде тынымсыз тіршілікпен айналысса да, жырды жадынан шығармаған. Кітап бетін парақтап, ұстаздары Жанат Жарқынбек және Шолпан Нұрмағанбетпен бірге талабы мен талантын ұштауда.
– Ұйымдастырып жатқан байқау балаларға ғана емес, егде тартқан жандарға да мол тәрбие береді. Расында, эпостық жырда кез келген адамның бойынан табылуы тиіс, қайталанбайтын қасиет пен ерекше мінез бар. Сондай-ақ жырдағы кестелі тіл, өлеңмен өрнектелген жолдар баршамыздың тіл байлығымызды көбейтеді. Мен осы жарысқа қатысып жатқанымды мақтан етемін әрі шәкіртім Несібеліні үздік шығуы үшін барымды саламын. Несібелінің сахнада өзін-өзі ұстауынан бастап, жырды жаңылмай әрі түсінікті айтуға үйретудемін. Алдағы уақытта зор дайындықтың нәтижесін көреміз, – дейді Шолпан Игілікқызы.
Биыл алғашқы рет еліміздің барлық өңірін қамтып отырған байқаудың жүлде қоры да қомақты. Аудандық кезеңде І орын үшін 150 000 теңге, ІІ орынға – 100 000 теңге, ІІІ орынға 50 000 теңге қарастырылған. Облыстық кезеңде бірінші орынды иеленген оқушыға 1 000 000 теңге табысталады. Ал екінші мінберден көрінген шәкірт үшін 600 000 теңге беріледі. Үшінші орынға 300 000 теңге сыйақы бар.
Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан қатысушылардың мұғалімдері де мадақсыз қалмайды. Бастапқы, яғни аудандық кезең жеңімпаздарының ұстаздары Білім және ғылым министрлігінің арнайы дипломымен марапатталады. Сондай-ақ облыстық деңгейде оқушысы бірінші орын алса, ұстазы кем дегенде 2 000 000 теңге иемденеді. Екінші орын алғандар кемі 1 200 000 теңге, үшінші орынға табан тірегендер кемі 600 000 теңге көлеміндегі қаржылай сыйлықпен марапатталады. Алайда, байқау барысындағы басты мадақ бұл емес. Ең маңыздысы жыр жаттаған өрендердің өн бойына батырлық пен ерлік сынды қасиетті ұғымдарды дарытуы және батырлар жырынан тағылымды тәрбие алуы.
Маржан
ҚҰРМАНҒАЛИЕВА