Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыз бала ерте бой түзер

Қыз бала ерте бой түзер


Қыз ұядан ұшып, өзге үйдің түтінін түтететін болмысы бөлек жан. Содан болар қыз балаға ерекше ықыласпен қараймыз. Тал бесікке салған сәттен ар-иба, тәлім-тәрбиені бойына сіңіруге тырысамыз. Қырық үйден тыйым салып, артық қылық көрсетпеуге баулимыз. Жат жұртқа жаралған жанның кіршіксіз болғанын жөн көреміз. Бұл – қазақылығымыздың иісін сездіретін ерекшелігіміздің бірі.

Дүниеге қыз бала келгенде Алла Тағала ол жерге періштелерін жіберіп, «Қыз бала келген үйге сәлем болсын» деп сәлем жолдапты. «Бір қызы бар адамды Жасаған Ие тозақ отынан сақтайды. Екі қызы бар адамның жаны жәннаттың төрінен орын алады. Үштен көп қызы барлардың мойынынан жиһад пен садақалық жауапкершілігі түседі» делінген. Ал қазіргі жаһандану заманында қыз бала тәрбиесіне көптеген фактор телефон, түнгі клуб секілді дүниелер кері әсерін тигізуде. Онымен қоймай, тәрбиенің бұзылуына қазіргі қоғамды кінәлайды. Алайда қоғам дегеніміз мына біз бен сіз, ата-ана, сынып жетекші, мектеп психологы емес пе?
Иә, ұрпақ тәрбиесі, әсіресе, қыз бала тәлімі бей жайлықты көтермейтін, көп болып көлемдеп қолға алып, ақыл-ой парасатпен жүзеге асыратын іс. Өйткені, қыз бала биологиялық тұрғыдан да ерте есейеді. Бой түзеп, айна алдын торуылдайтын да қыз бала. Осы істе әже, ана, ұстаз тәлімінің орны зор. Қыздар ойнап жүріп от басып, ертеңгі күні опық жеп қалмас үшін, отбасын құрғанда аздаған қиындыққа шыдамай, жалпы болашағына балта шаппас үшін бүгінгі күннен жақсы өнеге-тәрбие беріп өсіруіміз қажет. Бұл істе, әлбетте, ұлттық тәрбие үрдісі көмекке келері анық. Ұлағатты ұрпақ өсіргіміз келсе, ата-бабамыз салып кеткен сара жолдан жаңылмай, тыйым сөздерді тәрбие құралы етіп қолданғанымыз жөн. Яғни, жарыса сөйлеуге, жалғыз қыдыруға, жөнсіз күліп, сыпсыңдап сөйлеуге, орынсыз ұрынуға, басқаларға қол тигізуге, өтірік, өсекке, суық жүріс, сумаң қылыққа бармауын жиі ескертіп отыруымыз керек. Бұл біз үшін, болашақ үшін маңызды мәселе деп білгеніміз абзал.

Ақмарал Төлегенова,
№49 орта мектептің
биология пәнінің мұғалімі.
27 сәуір 2019 ж. 1 486 0