Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «Ұлы дала ұландары» форумы

«Ұлы дала ұландары» форумы

Елбасының былтырғы жылы жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы көпшіліктің көңілінен шығып, жұртшылықтың жүрегіне жол тапты.
Осы мақаланы арқау еткен Сұлутөбе ауылындағы №41 Мұстафа Шоқай атындағы орта мектептің ұстаздары мен 7 сынып оқушылары және ата-аналары мектеп ауласына 40 түп алма ағашын отырғызды. Бұл алма ағашы өсіп келе жатқан оқушыларға саялы ағаш болып қана қоймай, үлкен баққа айналуын көздеп отыр. Сонымен қатар, мектептің 9 сынып оқушылары биология пәнінің мұғалімімен бірге қырдың қызғалдағын егуде. Қызғалдақ пиязшығы мектептің шағын лабораториясында өндірілуде. Келесі жылы жұпар иісі аңқитын қырмызы қызғалдақтың өсіп, қауызын жарып, жайқалғанын көретін күн де алыс емес.
Жуырда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың тарих арқылы болашаққа бағдар жасап, даңғыл жол салуға үндейтін «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында мектепте «Ұлы дала ұландары» атты форумы өтті. Оған аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сейілханов қатысып, оқушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болатын «Ұлы даланың жеті қыры» тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған. Тарихын білген ел ғана өткеннен сабақ алып, жарқын болашаққа жол тауып, жетістікке жетеді. Осындай шараның бір парасы ретінде «Ұлы Даланың жеті қыры» атты республикалық шығармашылық байқауға №41 Мұстафа Шоқай атындағы орта мектептің 30 оқушысы қатысты. Олар байқауға алты бағытта шығармашылық жұмыстарын ұсынып, 25 оқушы І, ІІ, ІІІ дәрежелі диплом, медальдарымен марапатталды. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, шәкірттерін шығармашылыққа шыңдаған мұғалімдер А.Абубакирова, А.Асқарбекова, Э.Мухамедиярова, Ж.Ембергенова, Р.Мұхамедияр «Құрмет» грамотасымен марапатталды. Ал Ж.Асанбаева «Бастауыштың үздік мұғалімі» болса, Ж.Бекжанова «Шығармашыл мұғалім» деген төсбелгілерін тағып, еңбектері еленді.
Сондай-ақ осы айда республикалық «Қадыр Мырза Әли» оқуларына 8 сынып оқушысы М.Бекзатхан қатысып, ІІІ орын иеленді. Республикалық ІХ «Жас тілшілер» форумына 11 сынып оқушысы Б.Өтегенов қатысып, ІІ орын жеңіп алды. Осы оқушыларға форумға арнайы келген білім бөлімінің басшысы Болат Пернебайұлы дипломдарын табыстады. Жаңашыл бастаманың жарқын көріністерінде табыла білген мектеп ұжымы мен оқушыларының бағындырар асуы әлі көп.

Ж.Ноғайбайқызы.
30 сәуір 2019 ж. 1 711 0