Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Елбасы мақаласы – ел ертеңі

Елбасы мақаласы – ел ертеңі

Елбасының әрбір ойы бізге жаңылмас жол, айнымас бағыт. Соның бір айғағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы. №157 Б.Пәрімбетов атындағы қазақ орта мектебінде аталған тақырып төңірегінде тағылымы мол шара өтті.
Қазақ даласы мыңдаған жылдардан жалғасын тапқан тарихтың куәсі. Сонау сақ, оғыз мемлекеттері мекен еткен киелі жер деп есептеледі. Алтай мен Атырауға дейінгі кең атырапта әлі шешуі табылмаған жұмбақтар жетерлік. Еліміздің «Ұлы дала» атануының да себептері көп. Ұмыт қалып бара жатқан ұлық дәстүрімізді жандандыру әрбір мұғалім үшін басты міндет. Шараны мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары З.Қозыбаева ашып беріп, мақаланың маңыздылығына тоқталды. Атап айтсақ, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалада айтылғандай тарихымызды зерттеп, зерделеуге қатысты ұсыныстарды кеңінен тарқатты. Ел ертеңі – білімді жастарда. Елбасы рухани құндылықтар, тарихтың тағылымды жайттарын жастардың санасына сіңіруді басты назарға алған. Бұл шараның мақсаты да солай. Осы мақаладан соң тарихи жәдігерлерге мақтаныш сезіммен қарап, жастарға патриоттық тәрбие беруге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Тез дамып бара жатқан технология заманында дәстүрімізді үнемі еске түсіріп тұрмасақ, көмескі тартып, ел жадынан ұмыт қалуы мүмкін. Өркениет көшінде тарихи оқиғалардан тағылым алу, өткенге ойлы көзбен қарау тәжірибесі бізге зор мүмкіндіктер бермек. Елбасының «Бізде әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар бар» деген ойына терең көзқараспен қарауымыз қажет. Тарихта алтын әріппен қалған тұлғаларымызды дәріптеп, мақтан тұтқанымыз абзал. «Рухани жаңғырудан» басталған мазмұны мол мақала мәдениетіміздің мәйегін қайта еске түсіріп, ұрпақтар сабақтастығына жол тартпақ. Осылайша, оқушылар мен мұғалімдер қатысқан шарада Елбасының мақаласы оқылып, кеңінен насихатталды.

Фарида Алданазарова,
№157 мектептің қазақ тілі және
әдебиет пәнінің мұғалімі.
08 желтоқсан 2018 ж. 840 0