Мың жылдықтардың мәйегі қайта жаңғырмақ
Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарияланды. Аталған мақалада Қазақстан тарихын зерттеп, зерделеуге қатысты бірнеше жоба ұсынды. Ел тарихын нақты деректерге сүйене отырып жаңаша көзқараспен зерттеу қажеттігін нықтаған Н.Назарбаев бұл бағытта жасалуы тиіс жұмыстарды атап көрсетті. Сөзімді нақтыласам, «Архив-2025» бағдарламасын жасау, «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын, «Ұлы дала» деп аталатын ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу және Қазақстан фольклоры мен музыкасын зерттеу жобасы мен Қазақстан тарихын кино мен телевизияда насихаттау жобасын жүзеге асыру керек дейді.
Соның ішінде, «Дала фольклорының антологиясын» жасау арқылы қазақтың байтақ даласының фольклоры мен музыкасы жинақталатындығын атап өтті. Яғни, ел арасындағы аңыз - әңгімелер, қисса-дастандар, ертегі мен жырлар жинақталмақ. Ал, халқымыздың ұлттық аспаптарымен орындауға арналған құнды туындылар «Ұлы даланың көне сарындары» арқылы жарық көрмек. Және осы дүниелердің барлығы замана көшінен қалмай, сандық форматта жарық көріп, бұл үшін жұмыс жасайтын мамандар осал болмауы қажеттігіне мән берді Елбасы. Рухани жаңғырудың көшін бастаған еліміз үшін осынау мақала аясында мәдениетіміздің мың жылдықтардағы мәйегі қайта жанданып, ұрпақтар сабақтастығына жол тартпақ.
П.Маханбет.
«Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық
филиалы төрағасының бірінші орынбасары