Ата-аналар бас қосқан жиын
Өткен аптада Шиелі индустриалды-аграрлық колледжінде отбасы күніне орай ата-аналар жиналысы болып өтті.
Отбасылық құндылықты дәріптеу, насихаттау мақсатында ұйымдастырылған «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбындағы ашық тәрбие сағатына 1 курс студенттерінің ата-аналары жиналды. Шараны аталған колледж директоры М.Дүйсенов ашып, ата-аналарды жаңа оқу жылымен құттықтады. Тәрбие сағаты барысында отбасы құндылығы жайлы шағын сахналық қойылым қойылып, студенттер әуезді әндерді көпшілікке тарту етті.
Тәрбие сағаты одан әрі ата-аналар жиналысына ұласты. Оны колледж директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Б.Дайрақұлов жүргізіп отырды. Жиналыста колледждің материалдық-техникалық базасы, үш жақты келісімшарт, оқу орнының жалпы тыныс-тіршілігі жайында кеңінен қозғалды. Сонымен қатар АПБ-нің Жасөспірімдер бөлімінің маманы Набира Көлбаева, Жаннұр Сейтжан, Дәулет Болатов, Жандос Айдарбеков құқық бұзушылық, зорлық-зомбылықтың алдын алу жайында пікір алмасса, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Дінмұхамед Марданаев түрлі бағыттағы діни ағымдардан сақтану жайында түсіндірме жұмысын жүргізді. Шараның соңында ата-аналар көкейінде жүрген сұрағын қойып, тұщымды жауаптар алды.
Ф.Нышанбекқызы