Бала – байлығың
Адамның жеке басының қалыптасуы отбасынан басталады. Жеке адамның бойындағы ар-ұятын, ақыл-ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуде отбасы – алғашқы мектеп екендігі ақиқат. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Осындай асыл қасиеттерді бойға сіңіру – ол тек отбасында қалыптасады. Халықаралық отбасы күніне орай, 15-мамыр күні №40 А.Қыраубаева атындағы орта мектепте «Отбасы сағаты» акциясы аясында жалпы ұлттық ата-аналар жиналысы өтті. Ең алдымен жиналысқа келген ата-аналарды тәрбие орталығы есік аузынан күтіп алып, құрмет көрсетсе, мектеп директоры Оразкүл Елжасарова барша қонақтарды Отбасы күнімен құттықтап, өзінің жүрекжарды ақ тілектерін білдірді. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Перизат Ізімова күн тәртібіндегі жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, бала құқығы мен қауіпсіздігін сақтау мәселелеріне арналған баяндама жасап, ата-аналарға арнайы дайындалған бейнероликтер көрсетті. Мектеп психологы Лаззат Ибраева балалар арасындағы суицид жағдайларын болдырмау жолдары туралы жұмыстарымен таныстырды. Жиын соңында әрбір сыныптың жетекшілері түрлі форматтағы сынып сағаттарын өткізді. Онда сыныптағы қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын, үлгерімі жоғары, спорт, білім саласында республикалық, облыстық, аудандық байқау, олимпиадаларда жетістікке жетіп жүрген оқушылардың ата-аналарын алғыс хатпен марапаттады. Баласының бармақтай жетістігіне қуанатын ата-аналарымыз қуанышты күйде тарасты. Өмірге төселген бала, отанының қадірі мен қасиетін түсінеді. Сондықтан да отбасын қалай қадірлейміз, дәл солай отанды да қадірлеп, қолдан келгенше аялауымыз керек!
Гүлназ Дүйсенбаева,
№40 А.Қыраубаева атындағы мектеп мұғалімі.
Гүлназ Дүйсенбаева,
№40 А.Қыраубаева атындағы мектеп мұғалімі.