Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы күнінде аналарды құттықтады

Отбасы күнінде аналарды құттықтады



Отбасы – ежелден келе жатқан әлеуметтік институттардың бірі. Сондай-ақ ол бір жағынан әлеуметтік институт, ал екінші жағынан өзінің қалыптасу және даму заңдылықтары бар, қандас туыстыққа негізделген, ерлі-зайыптылардың, ата-ана мен балалардың, туысқандардың туыстық қарым-қатынастарын реттестіруші кіші топ. Қазақ қоғамы ер кісінің беделі мен билігіне негізделген отбасындағы дәстүрлі қарым-қатынастар жүйесімен ерекшеленеді. Отбасы әлеуметтік институт ретінде қазақ мәдениетінің салт-дәстүрлерін ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді.
Аудандық аурухананың басшылары перзентханадағы аналарды «Отбасы» күнімен құттықтады. Аудандық жастар денсаулығы орталығының ұйымдастыруымен және кәсіп­одақ төрағасы Е.Кулмановтың қолдауымен шара өтті. Перзентханадағы шарада алғаш болып сөз сөйлеген бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрлан Әмір: «Дәстүрлі мерекелердің қатарына қосылған бұл күннің мән-маңызы тереңде деуге болады. Отбасы мен мемлекетті бір-бірінен ажыратып қарау мүмкін емес. Сондықтан еліміздің алға қарай дамып, өркендеуі әр шаңырақтағы бірлік пен берекеге байланысты. Ал аналарға денсаулықтарыңыз зор болып, үйлеріңізде іңгәлаған сәбидің үні шыға берсін», – деп жылы лебізін білдірді. Әрі қарай профилактика бөлім меңгерушісі Г.Оразбекова құттықтау сөз алып, ізгі тілегін жеткізді. Сонымен қатар перзентханада жатқан аналарға емхана психологтары А.Азаматова мен А.Асанова психологиялық қолдау көрсетіп, сұрақтарына тұщымды жауап берді. Елбасы бастамасымен елімізде жыл сайын аталып өтетін мерекенің маңызы зор. Бұл – шаңырақтағы мейірім мен махаббат, тұрақтылық пен береке, туыстық ықыластың, өзара сыйластықтың артуына сеп болатын айтулы күн. Бұл перзентханада қазіргі сәтте 19 ана жатыр. Отбасы күніне орай 3 сәби дүниеге келді.
Әрбір отбасы мемлекеттің тірегі екенін ескерсек, әрбір ана өскелең ұрпақты инабаттылыққа, татулыққа, сыйластыққа, адамгершілікке ба­у­ли отырып, бүкіл әлемді тәрбиелей алатынын жеткізді. Осылайша перзентханадағы сәбилі болған аналарды мерекесімен құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
– Отбасы күніне орай бізді құттықтап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған дәрігерлерге рақметімді айтамын. Өзім алтыншы баламды туған күніме орай дүниеге алып келдім. Өте қуаныштымын. Отбасы мерекесі туыстық мейірім мен сыйластықтың артуына септігін тигізетін ерекше күн, – деп ағынан жарылды Г.Әйтімбетова.
Иә, расымен де ақ күріштің ақ ордасы болған Шиеліде қырық бір Социалистік Еңбек Ері шығып, ауданды Одаққа таныта білді. Осы 41 еңбек ерінің ішінен 5 еңбеккер ана ерге тән ауданға қызмет етіп, бала тәрбиеледі. Демек, дұрыс тәрбие беріп, бағыт бағдар ұсынса келешекте де талай Еңбек Ері шығатыны анық.

Жұлдызай Ноғайбайқызы.
18 мамыр 2019 ж. 873 0