Пленумда түйткілді мәселелер қаралды
Шиеліде жеті мыңға жуық ардагер бар. Ол кісілердің барлығы заманына еселі еңбек етіп, қоғамның әлеуметтік-экономикалық ахуалының артуына сүбелі үлес қосты. Бүгінгі жеткен жетістік, игіліктер алдыңғы буын ағалардың маңдай тер, еткен еңбегінің арқасы.
Республика, облыс, аудан және ауыл-аймақтарда өмір сүріп жатқан ардагер, зейнеткерлер әлі де болса, қоғамның қозғаушы күшіне айналып отырғаны рас. Олардың ұзақ жылдар атқарған бейнетінің зейнетін көріп, отбасы, ошақ қасындағы тірлікпен ғана айналысып қалғандары некен-саяқ. Себебі, нарықтық, әлеуметтік, экономикалық қоғамда құр жатып, уақыт өткізуді жөн көрмеген көпшілік ардагерлер зейнет жасынан кейін де бизнеспен, шаруашылықпен, сауда-саттықпен, әйтеуір, қолынан келген жұмыспен айналысып, отбасылық бюджеттің бір бөлігін көтеріп келеді. Осыдан болса керек, бүгінде көпшілік ардагерлер белсенді. Уақытты босқа өткізбеуге, қоғамдық-көпшілік шараларда мүмкіндігінше бой көрсетуге, өзіндік білім-білік, тәжірибесін жастармен бөлісуге құмбыл. Тіптен, бәзбір зейнеткерлер бүгінгі заманауи ақпараттық технологияның да қыр-сырын жете меңгеріп, әлеуметтік желіні еркін пайдаланып, өзіндік ой-пікір, ұстаным, көзқарастарымен бөлісіп жатқаны да байқаймыз.
Жуырда осынау жандардың басқосуымен «Нұр Отан» партиясы Шиелі аудандық филиалының ғимаратында ардагерлер кеңесінің ІІІ пленумы өтті. Жиынды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Оразымбетов ашты.Басқосуда бірқатар ардагерлер сөз сөйлеп, пікір алмасты. Ақмаядағы ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Палмағамбетов күнделікті, сағат таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыста отыратынын айтып, өзге ардагерлерді де халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, мүмкіндігінше тұрғындарды қабылдауға дайын болуға шақырды. Ардагер Р.Мауияев «Біз, ардагерлер, Елбасының кешегі рухани Жаңғыру, Ұлы даланың жеті қыры мен биылғы жариялаған жастар жылының мән-мағынасын, салмағын арттыратын кездесулердің ұйымдастырылуына ықпал етіп, жастарға ұлағатты сөздер айту, өткен тарихымызды, салт-дәстүрімізді насихаттау керекпіз. Кешегі күнгі көпбалалы аналар көтерген әлеуметтік мәселелерге бей-жай қарамай, атқарушы билік пен тұрғындардың арасына алтын көпір болуымыз керек?» – деді. Ал, Б.Күлімбетов: «Бір жасқа дейінгі балаларға педиатр бар, одан кейін зейнет жасына дейінгі азаматтарды қарайтын терапевт бар. Ал, зейнет жасынан жоғары азаматтарды қабылдап, қарайтын гериатор маманы жоқ. Заң бойынша халқы 50 мыңнан асқан аймаққа бір гериатор штатын ашу көзделген. Алдағы уақытта аудандық емханадан осынау штатты ашуға ықпал етулеріңізді сұраймын» – деп, ұсыныс айтты. Пленум барысында оның мүшелерінің тізімі жаңарып, толықты. Ардагерлердің жұмысына қатысты аудан әкімінің орынбасары Б.Жаниязов аудандық ардагерлер кеңесі ұйымы мен облыстық ардагерлер ұйымының қарым-қатынасын тұрақты жолға қойып, бірігіп жұмыс жасауды ұсынды. Ауданда ардагерлер, аналар, қажылар ұйымы деген бірлестіктер бар. Жиын барысында қоғамда орын алуы ықтимал кейбір әлеуметтік мәселелерде осынау ұйымдар бой көрсетіп, халыққа елдегі ауызбіршіліктің, ынтымақтың қажет екендігін білдіріп, аталы сөздер айтылғаны жөн десті. Сонымен бірге, соңғы жылдары жол көлік апаты, суицид, жастар арасындағы ерте жүктілік, ұрлық мәселелері белең алып тұрғаны да назардан тыс қалмады. Осындай түйткілді мәселелерде ардагерлер ұрпақ тәрбиесіне үн қатып, тентегін тезге салуда әрқашан алдыңғы қатардан көрініп отырса деген тілек айтылды атқарушы орган өкілдері тарапынан.
Г.ЯХИЯ.