Ұқанның ұлағатты ұстыны
Бәріміз жақсы көретін көрікті Шиелі кентінің шығыс жақ бетінде ауданның мал базары бар екенін ересектер де, қой-ешкі, сиырдың артынан айдасып баратын балаларға дейін жақсы біледі. Қарамасаң базар түгілі үйің де тозып кетеді емес пе?
Таңсәріден басталатын базарға кейде түртінектеп кіріп, жауынды күндері тілерсектен лай-балшық кешіп, малың өтсін-өтпесін түс әлетінде шығар есіктен шаң бересің. Бұған да шүкір. Ешкімге қояр кінәміз жоқ. Өйткені, біз мал сатпаймыз, көбіне мал алуға барамыз. Есіл-дертіміз арзандау мал алып қайту. Жексенбінің бұл базары біз үшін той. Оның әлеуметтік, тұрмыстық қызметіне мән бермеппіз. Мал базары деген осындай болатын шығар немесе осылай болуға тиіс деп ойлап келген болуымыз керек. Батпақтап жүріп қолдағы қаражатқа соятын қой ілікпей, маза қашып тұрғанда қасымызға телікөлдік делдал бала келе қалды. «Дені түзу сойыс мал керек» деп едік. «Кеттік, анау базарға барамыз. Онда жылқы да, ірі қара да, қой да бордақылайды, өкінбейсіздер» – деді. Солай қарай беттедік. Ұзыннан ұзақ салынған құрылыс, осы мал базары орналасқан Б.Оразов көшесінің қарсы бетінен орын теуіпті. Бұрын басқалар көрсе де, бізге тосын жаңалық болды. Көше бойына үлкен қалалардағыдай әсем кейіпте, заманауи «Мәдина» атты кафе соғылыпты. Одан соң бір ғимарат орналасыпты. Оған жалғас ою-өрнекті дамыған түркістандық дарбазаның жоғары жағындағы «Мақсат Ұлықпан ұлының жеке мал базары» деген ірі жазуды көріп барып, делдал жігіттің сөзіне сеніп әрі таңырқап, қақпадан ішке ендік. Қой жайына қалды. Бұл жер айдала болып жататын. Енді танымастай өзгеріп, алып құрылыс орнапты. Типтік мал базар осы болар деген ойға келдім. Аман-есендіктен кейін таңырқасып, кереметтей қиыршық тас төселген ат шаптырым алаңды көріп, қой сатып алуға емес, мына кісілердің тыныс-тіршілігімен, шарапатты іскерлік істерімен танысуға арнайы келгендей болдық. Жанымда Ұқаң ағай тұр. Сонау «Колхозаралық Шиелі құрылыс мекемесінде» тасымалдаушы-техник болып отыз жылдай еңбек етіп, 1993 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып «Шиелі-Қызылорда» бағытында «Газель» автокөлігімен жолаушылар тасыған, одан ауданда құрылған «ХАҚ» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорында озат жүргізуші атанып, аудан көлеміндегі түрлі маршруттарда жолаушылар тасымалдап, көпшіліктің көңілінен шыға білген, оларға мінсіз қызмет көрсеткен, бүгінде құрметті зейнеткер болған Ұқаң Мұсабековті көріп бір қуантсам, Мақсат Ұлықпанұлының Ұқаңның баласы екеніне ішім жылып қалды. Себебі, Мақсат Мұсабеков біздің аудандық ішкі істер бөлімінде біраз жыл учаскелік инспектор болып қызмет еткен еді. Ұқаң ұзын бойлы, сымбатты жігіт ағасы бола жүріп, әркезде алдыңғы шептен, іскерлік лектен табылып, жолаушылардың алғысына бөленіп жүретін. Оның адамгершілік қасиеттері шопырлар арасында үлгі-өнегенің мысалына, көрінісіне айналатын. Ал, бүгін оның Ұқаң емес, Ұлықпан ретінде басқа қырынан танып білдік. «Шын есімім Ұлықпан, жеңгелерім Ұқаң деп кеткен ғой» деді, Ұқаң мал қорасына қарай бастай жүрді. Биік қораның екі жағы қазіргі заманғы бастырмамен көмкерілген. Бастырманың асты түгелдей жеке-жеке мал тұратын кабиналарға бөлінген. Ортадағы бастырманың едені бетондалып, малшылар, сатып алушылар отыратын орындықтар қойылған. Одан әрі мал бордақылайтын жазғы алаң ақыр, науаларымен самсап тұр. Оң жақтағы қорада 20 қой семіртіліп жатыр екен. Баспақтай қойларды көріп, бағасын сұрауға ұялдық. Қысқы мал қорада 25 жылқы осқырынып, семіздіктерін байқатқандай болды. Мына жағында 10 «Алатау» асыл тұқымды сүт бағытындағы сиырлар күйіс қайырып, желіндері жерге тиердей болып, «қашан сауасыңдар? дегендей ырсылдайды. Үлкен ұлы Мақсат полицей қызметін қойып, өз қалауымен осы кәсіпкерлікке келіпті. Ол Қостанай, Алматы облыстарынан асыл тұқымды қашарлар әкелген екен. Шетінен туып жатыр. Қораның шеткі бұрышына бұзауларға жай жасаған. Оншақты бұзау сүйкімді балалардай томпиып көрінеді. Бұл жерде де клеткалар жасалынған, жалпы 90 сиыр сиятыны айтылды. Бір асыл тұқымды бұқа күтімге алынған. Қазір Шиелінің «Шаңхай» жағы сиырларын қашырып алуға кезекке тұрыпты. Сауылған сүт Қызылорда қаласына апарып сатылады. Шөп қоры жеткілікті. Жазда пресс шөп жинап алыпты. Ал, 20 тонна құнарлы жем сарайда сақталуда делінді. Енді осынша байлық қайдан келді деген сұрақ көкейге қонды. Ұқан ағай әңгімесін бастады.
– Өзіңіз білесіз. Мен ұзақ жыл жеке кәсіпкерлікпен айналыстым. Сөйтіп жүріп, үйімнен дүкен ашып қойдым. Оған сүйікті жарым, еңбекқор Орынкүл жұбайым қарады. Құдайдың берген 3 ұл, бір қызым бар. 9 немерелерім өсіп келеді. Мен балаларымды жасынан еңбекке тәрбиеледім. Олар 10 жасында автокөліктің «майын ішкен» шопыр болды. Үй алдында мал ұстап, мал семіртіп сатуға бейімделдік. Мінекей, соның арқасында заман ағымына сәйкес көрші үйді сатып алып, «Айсұлу-Ұ» деген балабақша аштық. Оның меңгерушісі келінім Айжан Есенова. Балабақша ұжымы 80 бала тәрбиелеп, аудан көлемінде алдыңғы қатардан көрінуде. 25 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Тәрбиешілердің дерлігі педагогтар. Әдіскер Сәуле Әйтенова 6 жылдан бері балабақшаның алға басуына тер төгуде. 2015 жылы «Үздік балабақша тәрбиешісі» байқауында Назерке Шорабаева бас жүлде алса, 2017 жылы «Үздік жас тәрбиеші-2017» сайысында Альбина Сәметова бас жүлдені иеленді. Мөлдір, Алмагүл, Болғанай, Нәбира, Айдана есімді қыздарымыз аудандық білім бөлімінің мақтау қағаздарымен марапатталды. Ата-аналар да дән риза. Балабақшаны түгелдей өз өнімдерімізбен (Қазақстандық деп күлді Ұқаң) қамтамасыз етіп отырмыз. Қолдың фаршы, сүт, ет, май, айран дегендей. Бәрі заңды, рұқсат етілген құжаттармен реттелген. Балабақшаға балаларды екі көлікпен тасымалдаймыз. Үлкен ұлым Мақсат көлігімен мал тасиды әрі осы базар соның атында. Ортаншым Мұрат бұрын «ИП»-жеке кәсіпкер дейтін, қазір «ДК»-дара кәсіпкер дейтін болыпты ғой. «ДК»-ні басқарады. Жоғары білімді программист. Ал, Мақсаттың мамандығы заңгер болатын. Мұрат іштегі малдарды бордақылайды. Оған 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кіші балам Самат та «ДК» құрып, жолаушылар тасумен айналысады. Өз мамандығы – механик. Қазір «Шиелі-Қызылорда», «Шиелі-Түркістан» маршруттарын тендерден ұтып алған дара кәсіпкер. Астында «Спринтер» мереседес жаңа көлігі зулап, оған дамыл жоқ. Ана кіреберістегі бір бөлмеде ветеринар-дәрігер отырады. Мал аптекасын ашады, мал емдейді. Айлығын алып, күнкөріс жасайды. Мал қорадан «Мәдина» кафесіне дейін алыстан мал әкелетіндерге арналған 2 бөлмелі қонақ үй шетелдік жиһаздармен жабдықталған. Одан бері наубайхана жұмыс істеуде. Онда екі адам күнделікті тандыр нан мен самса пісіреді. «Мәдина» кафесі 100 адамдық. Мұнда музыкалық орталық сатып алдық. Бүгінде туған күн, бесік тойлар аталып өтуде. Іші жылы. Бізде барлығы газдандырылған. Іште әжетхана, сауна, душтар жұмыс істейді. Бір сөзбен «жұмақ» деуге болады. Кафеде ерлі-зайыпты өзбек ағайындар қызмет етеді. Жасаған тағамдары тіл үйіреді. Олар келушілерге «ханпалау», балықтан «көктал» деген тағамдар жасайды. Бағасы арзан, қолжетімді. «Оны тек келіп жеп көру керек» деп бір қойды Ұқан ағай. Енді осынша саланың, ақша жүрген жердің барлығына Ғалия қызым бас есепші болып, иелік жасайды. Күйеу балам Нұржан Сарыбаев аудандық ауруханада хирург қызметін атқарады. Ғалияның мамандығы экономист болғандықтан осылай шештік. Есепші өзіңнен болмай, жеке кәсіпте алға басу болмайды. Ырың-дырың кімге керек? Айтпақшы, 2016 жылы желтоқсанда бордақылау алаңын соғуға аудандық кәсіпкерлік палатасы арқылы Мұрат 7 млн. теңге, ал Мақсат мал сатып алуға 4 млн. теңге несие алды. Құжаттарын Ғалия қызым рәсімдеп, оған палата басшысы Рысбай Нысанханов көмегін аямады. Міне, осымен мына бір гектар жерді біреуден сатып алдық та (жасырмайын 2 млн. теңгеге) құрылысты бастап кеттік. Енді қалған жерді игеріп, онда мал соятын цех ашамыз. Нарықта бәсекелестік болатыны аян. Мал базарына кіріп-шығу тегін. Әкем Айып маған «сен малмен адамсың» деп отыратын. Ол мақсатқа да жеткендей, жақындағандаймыз. Жоғарыда айтқан бұқаның әкесі «Алатау» асыл тұқымынан болса, анасы немістің «Гланштеин» асыл тұқымынан. Қазір екі жаста. Салмағы 800 келіден асады.Мұны айтпағым, осының құжаты болса, біз жоғарыдан субсидия алады екенбіз. Онымен балаларым айналысуда. Сүт, ет бағытындағы асыл тұқымды сиырлар көздің жауын алады. Күнде осындамын. Қазақ бабаларымыз «малым жанымның садақасы» деп бекер айтпаған-ау. Осы кәсібімізбен төрт ұл-қыздарымның, өзіміздің отбасын асырап отырмыз. Ешкімге қол жаймаймыз. Қайта басқаға қамқорлық жасауға ұмтылып жатамыз. Жақында аудан әкімі өткен жылға халық алдында есеп берді. Барып тыңдадық. Сонда қатысып сөз сөйлеген аймақ басшысы, облыс әкімі 2018 жылды кәсіпкерлер жылы деп жариялайтындығын жеткізді. Өте орынды мәселе. Еуразияның көптеген мемлекеттері шағын және орта бизнесті дамыту арқылы өркениетті елдер қатарына жеткенін біліп жатырмыз. Ендеше, неге бізге жол ашып тұрған бизнеске атсалысып, өз несібемізді алмасқа. Байлыққа жетіп, ұрпағымызға мұра етіп қалдырмасқа. Үкіметтің халыққа жасап отырған қайтарымды, қайтарымсыз несиелерін ұтымды пайдалану – кімге болса да жақсы. Тек, ерінбесең болғаны. Ардагер Ұқан Мұсабековтің отбасы жандарына беріп отырған тәрбиесі, оның кәсіпкерлік ғажап істері өз басымды қызықтырды. Ол кісі де әңгімесін осы жерден доғарды. Ия, біздің Ата Заңымызда мемлекеттің негізгі капиталы – адам болып саналады. Еліне дені сау, қарыны тоқ, әл-ауқаты жақсы адамдар ғана барын салып, еңбек етеді. Еңбек нәтижесінде олардың санасы да рухани жаңғырып, бойында құлшыныс, серпіліс пайда болады. Ауданымызға әр отбасы, әр шаңырақ, әр азамат Ұқаңдай іс-әрекетке көшсе, өкінбейтін, ұтылмайтын секілді. Оған Шиелі кенті, Б.Оразов, №143 көшесінде орналасқан ақ шапанды бордақылау алаңы – мал базары дәлел. Нанбасаңыз, барып көріңіз.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.