Еңбек ер атандырады
Шиеліде атом өнеркәсібінің ардагері Әли Бейсекейдің құрметіне арналған шағын футбол турнирі өтті. Жарысқа қатысқан жиырма команда жасыл алаңда шеберлік танытып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттап, достық пен татулықтың жарқын үлгісін көрсетті.Қазақта «Еңбек ер атандырады» деген сөз бар. Бұл – Әли Төлегенұлының өмір жолына дәл келетін тағылымды тәмсіл. Кейіпкеріміз 1963 жылдың 19 қыркүйегінде Шиелі ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1985 жылы Жезқазған шахта құрылысы трестінде туннельші болып бастаған жас маман кейін өндірістің қыр-сырын меңгеріп, атом өнеркәсібі саласында абыройлы қызмет атқарды.
Жылдар өте тәжірибесі толысып, жауапкершілігі артты. Геотехнологиялық ұңғыма операторы, учаске шебері, өндіріс басшысы сынды түрлі қызметтерді атқарып, кәсіби білімі мен ұйымдастырушылық қабілетін танытты. Әсіресе оның «Хорасан-1» кенішінің қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі айрықша. 2007 жылдан бастап Геотехнологиялық полигон және жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары бөлімін басқарып, өндірістік бағыттардың дамуына, еңбек үдерісінің тиімді ұйымдастырылуына өзіндік үлесін қосты.
Қырық жылдан астам еңбек жолы – табандылықтың, кәсібіне адалдықтың және жауапкершіліктің жарқын көрінісі. Оның еңбек жолының едәуір бөлігі Қызылорда облысының атом өнеркәсібімен тығыз байланысты. Ал «Хорасан-1» кенішіндегі қызметі өндіріс тарихымен біте қайнасып жатыр.
Ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Әли Төлегенұлының кәсіби жетістіктері сала басшылығы мен мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, бірқатар марапатқа ие болды. Ол атом өнеркәсібінің дамуына үлес қосқан еңбек адамдарының қатарынан лайықты орын алды.
Турнир барысына келсек тартысты да қызықты ойындар нәтижесінде ІV орынды Телікөл ауылдық округі командасы, ІІ орынды Еңбекші ауылының жігіттері, ал ІІІ орынды Көкшоқы мөлтек ауданының командасы иеленді. Жарыстың бас жүлдесі Қарамұрын кенішінің аяқдопшыларына бұйырды.
Спорттық шара барысында кенті әкімі Аманкелді Шерәліұлы Әли Бейсекейге аудан әкімінің алғыс хатын табыстаса, еңбек ардагерлері Оралбек Ақпанбетов, Сейтқали Ділімбетов аудандық мәслихат депутаты Болат Сүлейменов жылы лебіз білдіріп, еңбек адамына сый-сияпат көрсетті.
М.Кеңесұлы,
сурет автордікі
сурет автордікі







