ФУТБОЛШЫ ҰЛАН ҚОНЫСБАЕВ ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫН НЕГЕ СЫНАДЫ?
Футболдан Қазақстан мен Қытай (1:0) құрамалары арасындағы кездесуде ауыр жарақат алған жартылай қорғаушы Ұлан Қонысбаев KazFootball.kz порталына берген сұқбатында Қазақстан футбол федерациясын сынға алды.
Еске салайық, Қонысбаев әуедегі допқа талас кезінде алаңға ыңғайсыз қонып, аяғын морт сындырып алды. Содан соң футболшыға бірнеше ота жасатты. Жуырда Ұлан Германияда тағы да бір ота жасатты.
– Ұлан, жарақатыңыздан кейін сізге бірінші отаны Қытайда өткізген еді. Қалай өтті?
– Иә, ойыннан кейін бірден ота жасалды. Далян университетінің емханасында екі апта жаттым. Дәлірек айтсам, Қытайда 7 маусым мен 22 маусым аралығында болдым. Артынан Римнің Villa Stuart емханасына ауыстырылдым. Ол жақта стафилококк деген инфекция тауып, тағы бір ота жасатуға тура келді. Ота 23 маусым күні жасалды. Сөйтіп, Римдегі емханада тамыз айының соңына дейін болдым. Қыркүйек айының басында Қазақстанға оралдым. Ал қыркүйектің соңында қалыпқа келу үшін Римге қайта бардым.
– Отаның өз есебіңізден жасаттыңыз ба?
– Ол кезде барлық шығында Қазақстан футбол федерациясы көтерген. Желтоқсан айында қалыпқа келу жұмыстарын өткізу үшін Римге екінші рет бару керек едім. Бірақ ҚФФ өкілдері федерацияға жаңа басшы келгенін және емімді ары қарай төлемейтінін айтты.
– Сіз үшін бұл күтпеген жаңалық болған шығар …
– Тіпті айтуға сөзім жоқ. Басшылардың ауысуы маған не қатысы бар. Мен Қожағаппанов немесе Әубәкіров үшін ойнамаймын ғой. Мен отаным үшін ойнаймын.
– Демек, Римге екінші рет бармадыңыз ғой, иә?
– Бардым. Бірақ өз есебіммен. Екінші рет қалыпқа келтіру жұмыстарын 2016 жылдың желтоқсанында өткіздім. Ал үшінші рет 2017 жылдың сәуір айында өткіздім. Еуропада барлығы қымбат. Сондықтан көп шығындалып жатырмын. Өкінішке қарай, Қазақстанда медицина қарқынды дамымаған. Әйтпесе, елімізде емделер едім.
– Соңғы отаңыз туралы айтып берсеңіз …
– Соңғы рет отаны 28 қараша күні Мюнхэндегі ECOM емханасында өтті. Тағы да тобығыма жасалды. Дәрігерлердің болжамы бойынша қаңтар айынан бастап команда сапында жаттығу өткізе алады екенмін.
– Осы уақытқа дейін ҚФФ тарапынан сізге ешкім хабарласпады ма?
– Жоқ. Тіпті ешкім қоңырау да шалмады. Ақшасы құрып кетсін. Бірақ бір қоңырау шалып, жігерлендіріп қойса болады ғой. Өз ауламда жүріп жарақат алған жоқпын ғой. Оның үстіне кез келген футболшы үшін мұндай ауыр жарақаттан айығу психиологиялық тұрғыдан оңай емес. Жарақат кезінде басымнан өткізген жағдайды жауыма да тілемес едім. Федерация тарапынан мұндай қолдау және медициналық кепілдік болмаса, енді Ұлттық құрама үшін ешкім ойнамайды. Өйткені көптеген футболшылар үшін бұл – негізгі табыс көзі. Барлығының да отбасысы бар. Осы уақытқа дейін уағдаласқан жалақыны үнемі төлеп отырған «Астана» клубына алғыс айтым келеді.
kaz.vesti.kz