Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Ольга Рыпакова қатысатын 2018 жылғы «Гауһар лиганың» өтетін кезеңдері белгілі болды

Ольга Рыпакова қатысатын 2018 жылғы «Гауһар лиганың» өтетін кезеңдері белгілі болды


Халықаралық жеңіл атлетика федерациялар қауымдастығы (IAAF) ресми сайтында 2018 жылғы «Гауһар лиганың» кезеңдері қай күні өтетінін және оған кімдердің қатысатынын хабарлады. Жалпы «Гауһар лига» 14 кезеңнен тұрады. Оның ішінде 12-сі іріктеу және соңғы екеуі финалдық кезең болып саналады. Ақтық сын Цюрихте (30 тамыз) және Брюссельде (31 тамыз) өтеді. Жарыс ерлер мен әйелдердің қатысуымен 16 олимпиадалық бағдарлама бойынша өткізіледі. Финалда жеңіске жеткен атлетті 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы күтіп тұр. Сондай-ақ әрбір кезеңде үздік нәтиже көрсеткен спортшының қалтасы да бос қалмайды. Осы 14 кезеңнің ішінде Лондондағы дода ғана екі күнге жалғасады. Еліміздегі жеңіл атлетиканы жақсы көретін жанкүйерлер мен спорт мамандары бірінші кезекте Ольга Рыпакованың жарыс кестесіне назар аударатыны анық. 2017 жылғы секілді келесі маусымда да үш қарғып секіру «Гауһар лиганың» төрт кезеңінде қамтылған. Жерлесіміз алдымен 12 мамырда Шанхайға баратын болады. Ольга Рыпакова қатысатын «Гауһар лиганың» кезеңдері: 12 мамыр  –  Шанхай (Қытай); 7 маусым  – Осло (Норвегия); 30 маусым – Париж (Франция); 13 шілде – Рабат (Марокко); 30 тамыз – финал, Цюрих (Швейцария). Айта кетейік, биыл 24 тамызда Цюрихте өткен финалдық кезеңде Ольга Рыпакова чемпион атанған болатын.
Ақпарат көзі: vesti.kz

04 желтоқсан 2017 ж. 1 247 0