Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұңғыш Президент күні өзге елдерде қалай аталады?

Тұңғыш Президент күні өзге елдерде қалай аталады?

Қазақ күнтізбесіне кіргеніне енді бір жыл толған тағы бір мерекеге де келіп жетіппіз. 1-желтоқсан – Тұңғыш Президент күні. Елбасының өзі: «Мен барша отандастарымды тарихымызға халқымыздың жалпыхалықтық сайлауының, халық бірлігінің күні ретінде енген  жаңа жалпыұлттық мереке – Тұңғыш Президент күнімен құттықтаймын!» деп еді. Мемлекеттік мерекелердің қатарына кіргеніне бір-ақ жыл болса да, еліміздегі Тұңғыш Президент күні өз деңгейінде аталып жүр. Ал өзге елдер, көршілес республикаларда Президент күнін қалай тойлайды?
АҚШ
Америкада ақпанның үшінші дүйсенбісі – демалыс күні. Бұл күні елде Президент күні атап өтіледі. Мереке 1885 жылы АҚШ-тың Тұңғыш Президенті Джордж Вашингтонның құрметіне белгіленген. Вашингтон күні алғаш 1782 жылы Виргиния штатында жұрт алдында тойланған. Оның туған күніне орай салтанатты кештер, сап түзеулер, түскі қонақ асы өткізілген. Бұл дәстүр өзге де штаттарға таралып, көп ұзамай 1885 жылы мейрам жалпыхалықтық болып танылды.
Вашингтон 22 ақпанда дүниеге келген. 70-жылдардың басына дейін мереке тура осы күні тойланатын. Алайда, Президент Никсон демалыс күнін ақпанның үшінші дүйсенбісіне ауыстыруды ұсынып, бұл күні тек Вашингтонды құрметтеп қоймай, АҚШ-тың 16-президенті Авраам Линкольнды да қадір тұтуға шақырды.
Президенттер күнінде Вашингтонның мұражай-үйінде костюмдендірілген қойылым жүреді, қонақтарды «елдің негізін қалаушы әкенің» сүйікті асы бал мен май араласқан шелпекпен тамақтандырады. 
Ұлыбритания
8 маусымда Ұлыбританияда Королеваның туған күнін атап өтеді. Шынтуайтында, британдық монарх Екінші Елизавета сәуірде дүниеге келген, алайда, Біріккен Корольдікте бұл мереке маусымның екінші сенбісінде тойланады. Мұндай салтты VII Эдуард қалыптастырған.Корольдің тұжырымдауынша, дәл осы күні қандай да ауа-райы мерекені тойлауға кедергі бола алмайды.
            Екінші Елизавета сонымен қатар Австралия, Канада, Жаңа Зеландия, Соломон аралдары, Ямайка іспетті 15 елдер Одағының ханымы екенін естен шығармауымыз қажет. Дегенмен, аталған елдер өздерінің «Ханым күнін» атап өтеді екен.
            Мәселен, Канадада бұл мейрам Виктория ханымға арналған. 24 мамырға қарсы дүйсенбіде аталынады. Ал Австралияда маусымның екінші дүйсенбісінде тойланады, бұл күн шаңғы мезгілінің басталуымен үндесіп жатыр. Жаңа Зеландияда да Королева күні тау шаңғысы мезгілінің басталуына тұспа-тұс келіп, маусымның бірінші дүйсенбісінде тойланады екен.
 
Қытай
Орталық Азия елдері арасында халқы ең көп саналатын Қытай жерінде Президент күні мерекесі аталынбайтын болып шықты. Бір байқағанымыз, ұлттық патриоттық мерекелердің қатары да көп емес екен. Тек 1 тамыз 1927 жылдан бері Халықты азат ету әскерінің қалыптасқан күні болып есептеледі және жыл сайын атап өтіледі.
Ресей
Көрші Ресей елінде салтанатты түрде Президент күні мерекесі тіркелмеген. Ресейліктер жыл сайын 4 қарашада Халық бірлігі күнін тойлайды. Ресейде жалпыхалықтық, мемлекеттік мереке ретінде тойланатын бұл күн – 1612 жылы Ми нин мен Пожарскийдің Мәскеуді поляктардан азат еткен күні. Осы күні жыл сайын орыс ұлтшылдары Орыс шеруін өткізеді. Сөйтіп, өз ұлтының рухын көтереді, пат­риоттық сезімін қалыптастырып, мемлекетшілдігін оятады. Ал Ресей президентінің жарлығымен бекітілген мұндай мереке күндері аз емес. Саусағыңызды бүге беріңіз. 18 сәуір – Ресейдің әскери даңқ күні – Мұз қырғыны күні (1242 ж.), 10 маусым – Полтава шайқасы (1709 ж.) күні, 9 тамыз – Ресейдің әскери даңқ күні – орыс флотының швед флотын тұңғыш жеңген күні (1714 ж.) 23 тамыз – Курск шайқасы күні, 8 қыркүйек – Бородино шайқасы күні, 11 қыркүйек – орыс эскадрасының түріктерді жеңген күні, 21 қыркүйек – Күлік шайқасы күні, 24 желтоқсан – Измаил қамалын алған күн. Осылай кете береді. Күлік шайқасының 625 жылдығын 2005 жылы бүкіл Ресей болып тойлады. Біз үшін Аңырақай шайқасының 275 жылдығы дәл солай құрметтелуі тиіс емес пе еді? Мұндағы басты мақсат, әрине, ұлттық мүдде. Мемлекет құраушы ұлттың мей­рамдары, атаулы, тарихи күндері сол мемлекеттің ресми мейрамына айналып отыр. Орыс мемлекеті бұл атаулы күндерді заң жүзінде бекіткен. Орыстың ұлттық-тарихи мейрамы. Оған сандаған ұлт пен ұлыс мекендейтін Ресейде бірде-бір адам қарсы келмейді.
Түркия
Түріктер елінде арнайы Президент күні белгіленбеген. Жалпыұлттық мейрамдардың ішінде 10 қараша 1938 жылдан бері Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алу күні болып есептеледі. Дәл осы күні Түрік елі өзінің хас батырынан айырылды. Өзінің резиденциясында Түрік Республикасының Тұңғыш Президенті Мұстафа Кемаль мәңгі ұйқыға кеткен. Сол уақыттан бері дәл осы күні, таңғы сағат 9-дан 5 минут кеткенде (оның өлімнің дәлме-дәл уақыты) бір минут үнсіздік жарияланады. Бір сәтке ғана...
            Өзбекстан
Ту көршіміз мейрам тойлауға келгенде әсте сараңдау ма деп қалдық. Себебі, өзбек күнтізбесінде мемлекеттік деңгейде аталынатын бар-жоғы 7 күн бар. Өзбек елінде Президент күні деген мереке тойланбайтын көрінеді. 1-қыркүйек – Тәуелсіздік күні өз алдына, елдегі тағы бір қадірлі мерекелер қатарына 9 мамыр – Еске алу мен құрмет күнін жатқызуға болады. Өзбек халқының хас батырларын еске алып, құрметтеп, өскелең ұрпаққа насихаттау күні.
            Қырғызстан
Айыр қалпақты ағайынның күнтізбесінде небәрі 12 арнайы мереке белгіленген. Оның ішінен Президент күнін кездестірмедік. Кәдуілгі барша елдерде аталынатын мейрамдар.
29 қараша 2017 ж. 2 541 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№79 (9243)

07 қазан 2024 ж.

№78 (9242)

01 қазан 2024 ж.

№77 (9241)

28 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031