Спорт саламатты өмір сүруге үндейді

Өмірде адамның саулығын жақсартып, көңілін өсіріп, айналасына сүйкімді де сымбатты, жинақы жүруіне септесетін құдіретті күш болса, ол – дене тәрбиесі мен спорт. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Сондықтан халқымыз ежелден денсаулықтың қадiрiн жете түсiнiп, оны басты байлыққа балаған. Сол себепті де «тәні саудың – жаны сау» деп текке айтпады. Әрине тән саулығы ол – спорт. Ал спорттық үйірмелердің оқушыларға берері мол. Мәселен №50 орта мектептегі «Баскетбол» үйірмесі оқушылардың саламатты өмір салтын сақтауына қызмет етеді. Онда балаларды есепке, дәлдікке баулып, қол қуатын арттырады. Спорттық үйірмеде әрбір оқушының қабілетін, дарынын шыңдап қоймай, оларды табандылық пен төзімділікке үйретеді. Әрі шымыр да ширақ болып өседі.
Осы тұрғыда айта кетеріміз, спорттың адамның рухани әлемі үшін де маңызы зор. Бастысы – ниет пен «спортпен шұғылдануға уақыт табылмай жүр» немесе «тұрақты бет бұру үшін қаражатымыз жетпейді» деген сынды түрлі сылтаудан, еріншектік пен жалқаулықтан арылып, дене жаттығуларымен етене айналысқан абзал. Себебі елімізде спортпен айналысуға барлық жағдайлар жасалған. Соның ішінде аудандағы спорттық алаңқайларды айтуға болады. Сондықтан әрбіріміз өз денсаулығымыз үшін күресіп, спортпен шұғылдануды қолға алуға асығайық!
Шерхан Бекмұхамед,
№50 Абай атындағы орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі