Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұқаралық спорт – кәсіби спорттың негізі

Бұқаралық спорт – кәсіби спорттың негізі


Спорт – адамның айнымас серігіне айналған өмір сүру салтының бір түрі. Оны насихаттау, шұғылдану әрбір адамның азаматтық парызы. Себебі,бұқаралық спорт кәсіби спорттың төменгі баспалдағы деуге болады. Біз жеткіншекерді жастайынан бұқаралық спортқа баулу арқылы олардың кәсіби спортқа деген қызығушылығын оята аламыз.
Елімізде бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Спорт алаңдары мен ойын алаңдары салынып, жаппай спортпен айналысушы жас пен кәрінің саны артуда. Жалпы халықтың спортпен айналысуы ел халқының дені сау болуына әсер етеді. Дені сау, сапалы ұлт қана мәңгілік ел мұратын орындай алмақ. Басқасын айтпағанда еліміздің спорт саласында біршама жетістіктерге жеткенін ескерсек, соның өзі Елбасы Н.Назарбаевтың салауатты өмір салты ұстанымының өз жемісін бергенін айғақтайды.Қазіргі таңда Шиелі ауданында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 30,5 процентке көтеріліп отыр. Бұқаралық спортты дамыту үшін ауданда 2 стадион, 3 спорт кешені, 37 спортзал, 121 спорт алаңдары жұмыс жасауда.Соңғы 3 жыл көлемінде 6 спорт кешені мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында пайдалануға берілсе, биыл тағы 2 спорт кешені ел игілігіне берілмек. Осылайша, аудандағы жастардың спортпен кәсіби түрде айналысуына мүмкіндіктер жасалынуда. Сонымен қатар балаларды дайындайтын мамандардың білікті болуы да маңызды.
Мектептегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдерінен бас­тап, кейінгі жаттықтырушылар балалардың спортқа деген махаббатын ашуға атсалысуы керек. Өйткені әлемнің үздік спортшыларының көпшілігі қыстақтан шыққан және олар өздерінің бапкерлерін ешқашан естен шығармайды. Мысалыға, Геннадий Головкин қанша биікке өрлесе де туған жерін ұмытпай, өз қаласында жаңа чемпиондар шығуы үшін спорт кешендерін салып беруде. Міне осындай даңқты спортшылар біздің Шиеліден де көп ұзамай шығарына сенім мол. Себебі Геннадий мен Бекзаттарда болмаған мүмкіндік пен жағдай қазіргі жастарда бар. Демек олардан талап етілетіні еңбек пен ерік-жігер ғана.

Ғалымжан Жосанов
20 ақпан 2021 ж. 1 656 0