Ұстаз – шәкіртімен мақтанады
«Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз ел халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан6 спорттың бұқаралық сипатын дамыту - мемлекетіміздің стратегиялық басым бағыттарының бірі», – деп Елбасы Н.Назарбаев бұл саланың маңыздылығын атап өткен болатын.
Иә, «Денсаулық – зор байлық» деген мақал тегін айтылмаса керек. Денсаулық – табиғаттың адам баласына берген есепсіз байлығының бірі. Сондықтан, оны сақтап, аманатқа қиянат келтірмей, дұрыс қарау, әрбір адамның міндеті болмақ. Себебі, оны қанша бай болса да сатып ала алмайсың. Еліміздің болашағы дені сау ұрпақтардың қолында екенін ескерсек, оларды салауатты өмір салтын насихаттау, дұрыс тәрбие беру, жаман әрекеттерден сақтандыру, бұқаралық спортқа баулу бүгінгі ұстаздардың қолында.
«Ата-ананың қадірін, балалы болғанда білерсің» демекші, уақытысында біз үшін шыр-пыр болып, білгенін үйретіп, білім нәрімен сусындатқан ұстаздардың қадірін, өзім осы жолға келгенде бірақ сезіндім. Қандай ұстаз шәкіртінің жаман болғанын қалайды? Ұрысқаны – біз жақсы болсын дегені, білім үйреткені – ертең еңсеміздің биік болғанын қалағаны екен. Ұстаздық жолында қызмет етіп жатқан соңы он жылға жуық уақыттың ішінде көз алдымнан жүздеген шәкірт өтті. Әрқайсысының мінезі әртүрлі. Дене тәрбиесінен сабақ берген соң, шәкірттерді икеміне қарай бағыттап, тәрбиелеп, үйретіп отырасың. Дегенмен, барлығының арасынан ерекшеленіп тұратын біреуі болады екен.
2010-2013 жылдар аралығында №252 Г.Ковтунов атындағы орта мектепте қызмет жасап жүргенімде Нұрасыл Дүйсенбаев өзінің ерекшелігімен көзіме бірінші болып ілікті. Сөзі мығым, ісі ширақ. Спортқа деген қызығушылығы да жоғары. Айтқанынан қайтпайды, бір-ақ рет сөйлейді. Нағыз ерге тән мінезі болғандықтан, өзіме жақын тартып, шәкірт еттім. Білгенімді үйретуге тырыстым. Сенімімді ақтап, ол аудандық жарыстарда қазақша күрестен топ жарып жүрді. Бүгіндері облыстық, республикалық бәсекелерде оқ бойы озық болып, жүлдемен оралып, қуанышқа бөлеп жүр. «Ұстаз – шәкіртімен мақтанады» демекші, осы шәкіртім бүгін қолыма қалам алуға себепші болды. Барша ұстаздар қауымына шәкірттерің биіктен көрініп, қуанышқа бөленіп жүре беріңіздер деймін.
Талғатбек Сұлтанов,
№270 орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі.