Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Боз кілемде бағы жанғандар

Боз кілемде бағы жанғандар

16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне орай Мұстафа Шоқай атындағы жасөспірімдер арасындағы дәстүрлі қазақ күресінен республикалық турнир аудандық спорт мектебінде өтті.
Дәстүрге айналған байрақты бәсекеге еліміздің 10 облысынан келген 200-ге жуық спортшы қатысты. Боз кілемде бағын сынаған балуандардың осалы болмады. Әрқайсысы өз өңірінің мықтылары. Бірі жүлделі орынның иегері болса, бірі елдің намысын қорғап жүрген чемпиондары.
Он төртінші рет өтіп жатқан дәстүрлі турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Әбдрахманов және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы Марат­ Жақыт спортшыларға сәттілік тілеп, шараны ашып берді.
Екі күнге созылған додада күрес техникасын жетік меңгерген спортшылар суырылып шығып, жеңістің төрінен орын алды. 9 салмақ дәрежесі бойынша жеңіске жеткен спортшыларға алғыс хаттар табысталып, медаль тағылып, бағалы сыйлық тарту етілді.
Турнирдің қорытындысы бойынша 38 келі салмақта шымкенттік Орасхан Бақыткелді, 42 келі салмақта қызылордалық Ержігіт Мейіржан, 46 келіде Тараз қаласынан келген Әлімби Әли, 51 келіде де жамбылдық Ахматқали Әділет, 57 келіде шиелілік Еламан Бекзат І орынды иеленді. Сонымен қатар 64 келі салмақта жамбылдық Нұридин Нұрғали, 73 келіде шымкенттік Берік Орынбаев, 81 келіде түркістандық Бейсенбай Мұхамеджан, 81+ келіде қызылордалық Ысқақ Саят мықтылығын танытып, өз салмақ дәрежелері бойынша алдыңғы шептен көрінді.


«Өскен өңір» ақпарат

14 желтоқсан 2019 ж. 987 0