Боз кілемдегі бәсеке
Өткен жұма және сенбі күндері аудандық спорт кешенінде «Бала би баба» атындағы республикалық турнир өтті. Қазақ күресінен жасөспірімдер арасындағы турнирге еліміздің 11 аймағы және Өзбекстан Республикасынан 200-ге жуық спортшы қатысты.
Жарыс барысында 9 салмақ дәрежесі бойынша жүлделер сарапқа салынды. Турнирдің ашылу салтанатында аудан әкімі Әшім Оразбекұлы жарысқа қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаты, турнирдің бас демеушісі Темірхан Мәлкаждарұлы да өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
Жарысқа қатысушы палуандардың арасында 38 кг салмақта Түркістан облысының қатысушысы А.Жетес пен Түгіскен ауылының тұрғыны Н.Алдаберген ІІІ орынды жеңіп алды. Ал ІІ орынды Шымкент қаласынан келген М.Тұрдықұлов қанжығасына байлады. Көрсетілген салмақ дәрежесі бойынша І орынды Өзбекстан Республикасының азаматы Р.Тугушов иеленді.
42 кг салмақ дәрежесі бойынша І орын қызылордалық М.Ержігітке бұйырса, ІІ орын түркістандық Д.Дәулетке берілді. Ал ІІІ орынға Н.Орынбеков (Шығыс Қазақстан облысы) пен Ж.Әскербекұлы (Ақтөбе) лайық деп танылды.
Ал жерлестеріміз 50, 55, 60, 66 және 73 кг салмақпен жеңіс тұғырынан көрінді. Әуелі Д.Балтабай ІІ орынды жеңіп алса, одан кейінгі қатысушы Р.Аманжолов та күміс алқаны қанағат тұтты. Бұл жерде 60 кг салмақпен шыққан Абзал Сәдібековтың айы оңынан туып, І орынның мінберіне көтерілді. Жасөспірімдер арасында өткен қазақ күресіндегі ауыр салмақ бойынша (73 келіден жоғары) шиелілік Б.Нағызханұлы мен Ө.Беркімбай қола жүлдені иеленді. Ал екінші орын алматылық Б.Деревенкоға бұйырды. І орын Түркістан облысынан келген С.Әбідсәмитұлының ұпайына шешілді.
Республикалық турнирдің қорытындысында бас демеуші Т.Әлімқұлов пен өңір басшысы Ә.Оразбекұлы қатысушыларды жеңістерімен құттықтап, спорт сайысының сәтті өтуіне атсалысқан жандарға алғысын айтты.
М.БОЛАТҚЫЗЫ