Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алатау бөктерінде әуелеген ән

Алатау бөктерінде әуелеген ән


Шырайлы Шиелі өлкесінің көгінде күй әуелеп, бесігі жырмен тербеледі. Еңбектеген баласы мен еңкейген кәрісі де өнер десе делебесі қозады. Осындай қасиетті жерден атақты ақын, сазгер, дүлдүл Нартайдың шығуы заңдылық. Ал, соның ізін жалғап, әдемі әнімен көптің көңілін баурап, ыстық ықыласына бөленген Ә.Ноғайбаевтың өзі бір төбе.
Өткен жылдың соңғы күндерінде, атап айтқанда желтоқсан айының 26 жұлдызында Алматы қаласындағы Жамбыл атындағы филармония залында «Әні әдемі Әлмырза» атты Ә.Ноғайбаевтың 70 жылдық кеші өтті. Мерекелік концертті елімізге белгілі «Отырар сазы» фольклорлық оркестрі сүйемелдеді. Сахнаға көтерілген Әлмырза аға көрермендерге халық әндерінен және елімізге белгілі сазгерлердің әуендерімен шашу шашты. Одан соң кеш иесі Әлекеңнің қызы – Ақмарал Ноғайбаева сырнаймен Нартайдың «Той бастарын» шырқады. Кешке келген А.Жұмаділдаев, М.Нәлібаев сынды күллі Қазақ жұртына белгілі азаматтар мерейтой иесіне тілектерін жолдады. Одан соң Әлмырза аға өзінің қара домбырасымен сахнаға шығып, әйгілі «Ақсақ киікті» әуелетті. Жүректен шыққан әуезді әндерімен көрермендерді ұйытқан Әлекеңе көпшіліктің ықыласы ерекше болды. Алматыда еңбек етіп жүрген шиелілік азаматтар және қала тұрғындары әні әдемі Әлмырза ағаның әндеріне сусындап, рухани демалыс алып тарқасты.

Т.Күзембаев.
Бала би ауылы.
04 қаңтар 2018 ж. 1 398 0