Жердің аты – тарихтың хаты
Жер тек қана тіршілік мекені емес, ол- халықтың өткені сақталған үнсіз шежіре. Әрбір төбе, әрбір өзен мен топырақтың өз атауы, өз тарихы бар. «Жердің аты – тарихтың хаты» деген сөз бекер аталмаған. Өйткені жер, су атаулары арқылы біз ата-бабамыздың тұрмыс-тіршілігін дүниетанымын және тарихи оқиғаларын танимыз. Осындай тарихқа бай өңірлердің бірі – Сыр бойындағы қасиетті Шиелі жері. Бұл өлке талай сырды ішіне бүгіп, өткеннің ізімен елдің жадын бүгінге жеткізіп отыр.Жалпы Сыр өнірінің ықылым заманынан-ақ шежіресін ақтарсақ қазақ халқының шекпеген азабы, көрмеген бейнеті аз емес. Сондай қиыншылықтарды басынан өткізсе де уақыттың қатал сынына шыдап, тіршіліктің ауыр арбасын сүйреген жаңа ғасырларға беттеп келе жатқан «Алғабас» ауылының өмірге келуі таусылмайтын шежіре.
Алдымен, «Алғабас» ауылы деген сөз қалай пайда болғанынан бастайық. Ауылдың бір кездегі Ерсайын деген қариясы таңертең ерте тұрып, ауылдың ортасындағы дөңнің басына Ләйлүк деген кұстың қонғанын көреді. Ләйлүк деген сөз бақыт, байлық жақсылық деген мағынаны білдіреді. Елді жинап көргенін айтқан қария келешекте бұл ауыл үлкен елді мекенге айналады. Басына бақ қонған алдыңғы қатарлы ел болады. Адамдар тұрмысты бақуатты өмір сүреді деген. Ауыл елдің алдында болсын деп, Ләйлүк құстың атымен байланыстыра «Алғабас» деп атап кеткен екен. Қазіргі Әзімхан Исмайлов көшесінің аяқ жағында «Дөңгелек сарай» деген дөңнің басында мешіт орналасқан. Сол жерге халық келіп ғибадат еткен екен.
Бұл ауылдың іргетасы 1926 жылы қазіргі кірпіш зауыты тұрған Тораңғыл қақ көлінің жағасында 15 үй кедей батырақтардан артель болып ұйымдастырылады. Артельдің еңбек бастығы Ахпанбет Аханбасов, секретары Әуез Есімов, бас есепші Әбдіхамит Әшіров. Мүшелері: Баршагүл Жәрменова, Жарас Сейдахметов, Шайық Қалқаев, Әуез Ермаханов, Төребек Тұрғанбаев, Доскен Байбеков, Жарылқасын Әміров, Сүлеймен Боранбаев, Досман Орманов, Бахадүр Әміров, Ілияс Бейтабаров, Рахман Орақов, Құлмырза Қалымбетов, Жаңабай Исаханов, Даукен Баймаханов, Аят Тәжібаев, Үсен Жаманқұлов, Дәулетияр Көтібаров, Ахмет Ерімбетов, Ділмұрат Рахметов т.б болды. Колхоз орталығы тұрған жерде 1928 жылы Құмжарма «Нұртаза» бауындағы отырған кедейлерден аздаған үйі бар еңбек Қоғалы артельдері ұйымдастырылды.
1928 жылы әрбір ауылға жеке-жеке атау беріле бастады. Үлгілі қазіргі Нартай ауылы Қызылдихан (Телікөл), Қызылту (Жахаев) сол сияқты жаңа атаулар пайда бола бастады. 1928 жылдың аяғында «Еңбек», «Қоғалы» артельдері бірігіп, «Алғабас» ауылы болып аталды. Бастығы Ерсайын Әлімбет, хатшысы Жарас Сейдахметовтер қызмет жасады. 1930 жылы Ошақты руынан шыққан Мақаш деген кісі басқарып, осы жылдан колхоз мақта, аздап бидай еге бастады. Жерді атсоқамен алғашқы келген трактормен Бейіс Османов айдады. 1932-1934 жылдар арасында шаруашылықты Ақпанбет деген кісі жүргізді. 1934 жылдың күз айынан Тоқмырза деген кісі басқарды. Тоқмырзадан кейін Дінше Әшіров деген кісі 1937 жылдың күз айына дейін жетешілік етті. Діншеден колхозды Шайық Қалқаев қабылдап, 1941 жылдың аяғына дейін басқарып сол кездегі ауыл халқы үлкен каналды қолмен қазып, күріш егуді қолға алды. Осы каналды қазуға белсене атсалысқандар қатарында Рахымбек Ысқақов, Үміт, Ұлтай Құлмырзаевалардың есімдері ерекше аталады. 1942 жылдан бастап Шайық Қалқаевты трудовойға әкетіп, 1945 жылдың басында қайтіп келеді де, ауылдық кеңес ферма меңгерушісі қызметтерін атқарады. Соғыс жылдары Ерзат Қожахметов деген кісі басқарған. Ерзаттан кейін «Алғабасты» Мұсабек деген Арғын 1947 жылдың аяғына дейін басқарса, кейін колхозды Ырысбек деген кісі 1950 жылға дейін басқарады.
1950 жылы Ленин, Қызыл-Дихан, Алғабас колхоздары қосылып «Ленин» атындағы колхоз болып жарияланды. Бұл іріленген шаруашылықты Қожахмет Ботаевбаев 1955 жылдың аяғына дейін басқарса, 1956 жылдың басынан 1958 жылдың аяғына дейін Әбдікәрім Әлсейітов деген кісі жетекшілік етті.
Әбікәрім Әлсейітов қазіргі Алғабастағы көшелерді, кентке баратын жолды салдырды. 1958 жылдың 4 желтоқсан күні колхоздың жалпы жиналысы болып, сонда Әзімхан Исмайлов бастық болып сайланды. Бұл кісі осы колхозды 1975 жылдың мамыр айына дейін басқарып, аудандық советтің председатель қызметіне ауысып кетті. 1971 жылы ҚазақССР жоғары кеңесіне депутат болды. Колхозшылардың бүкіл одақтық сьездіне делегат болды. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен наградталды.
1975 жылдың мамыр айынын 1980 жылдың қыркүйек айынан Мұхамеджан Рахметов басқарды. Мұхамеджан көңіл бөліп 5200 га жерге күріш ауыспалы егісінің жерін, 787 га жерге мал азығы, 105 га жерге көкөніс бақша, 32 га жерге жеміс ағаштарын егу жайлы құжаттарын Шымкенттегі проектный институттан 1978 жылы әкеліп, 1980 жылдан бастап тегістетуге кірісті. Осы жылдың қыркүйек айынан 1991 жылға дейін Төлес Аппасов, 1991-1993 жылдың қаңтар айына дейін Сайлаубай Әбішов, 1993-1998 жылдың қаңтар айына Шайзатхан Қалымбетов басқарды. 1998 жылдың қаңтар айында колхоз жекешеленуге байланысты төртке бөлініп, «Еңбек», «Игілік», «Құмжарма», «Телікөл» шаруашылықтары болды.
«Еңбек» шаруа қожалығын 2003 жылға дейін Шайзатхан Қалымбетов, «Игілік» шаруа қожалығын 2002 жылға дейін Шахмардан Сатқанбаев, «Құмжарма» шаруа қожалығын 2003 жылға дейін Асхат Ермаханов, ал «Телікөл» шаруа қожалығын 2003 жылға дейін Бекен Нұғманов басқарды.
Енді ауылдық кеңестің тарихына тоқталсақ, 1949 жылға дейін «Бестам» ауылдық кеңесі жұмыс істеді. 1949 жылдан бастап «Жуантөбе» ауылдық кеңесі болып қайта құрылып, өз қызметін жалғастырды.
Ауылдық кеңестің алғашқы төрағалары қатарында Шайық Қалқаев, Баршагүл Жәрменова болды. Кейін бұл қызметті Дүйсенбай Алтынбеков, Шәрі Бәйімбетова, Төлегүл Рүстемова, Шәмет Қалдыбаев, Қазима Дүрімбетова, Балтабай Қошқаров, Асылбек Нұртазаев және Гаухар Құлмырзаева атқарды.
Партия ұйымының хатшылары: Әбдіхамит Әшіров, Шәкір Маханов, Асанхан Смайлов, Сейітқали Арыстанов, Жағыпбар Ырысманов, Әбілқасым Палымбетов, Сейітжан Омаров, Өмірзақ Исаханов, Махамбетқали Садықов, Шахзатхан Қалымбетов.
Комсомол ұйымының хатшылары: Ділмағанбет Садықбеков, Махамбетияр Сатанов, Рахима Мұқтарова, Дүйсен Түменбаев, Айжан Сәтпаева, Ұлмекен Өтемұратова.
Кәсіподақ ұйымының төрағалары: Ділмағанбет Садықбеков, Сейітбаттал Жарасов, Гаухар Құлмырзаева.
Кітапхана меңгерушілері: Күлдана Құтышова, Шолпан Сәрсенбаева.
Ауылдық кеңестің хатшылары: Ақхатша Зиадинева, Кәжденбек Сақбаев.
Балабақша меңгерушілері: Балташ Нұрмаханова, Батан Шалбаева, Забира Сәрсенбаева.
Бас агроном қызметін әр жылдары Дүйсен Нұрымов (1957-1958 жж.), Мұхамеджан Рахметов (1958-1975 жж.), Тасболат Нұржанов (1975-1977 жж және 1980-1981 жж.), Берікқара (1977-1980 жж.), Иманай Шәкіров (1982-1985 жж.) және Кенжебек Сыздықов (1986-1998 жж.) атқарды. Су мамандары: Ахмет Ерімбетов, Омар Зермухедов, Бекен Нұғманов, Гаухар Құлмырзаева, Нағмет Жанжігітов.
Бас инженер-механиктер: Алексей Пак, Төлеген Ұябаев, Қыдыр Өтебаев, Шахмардан Сатқанбаев, Нұртай Ералиев, Руслан Божанов, Тұрар Кенжалиев.
Бас зоотехниктер: Есенәлі Құлахметов, Қоршабек Шыналиев, Мәлік Дәуімбаев.
Мал дәрігерлері: Андрей Веейс, Самаш Жәкенов, Ержігіт, Сүйіндік Ахметов, Әріпхан Жақыпов, Әбдіжәлел Дүйсеков, Шаймахан Өтеев.
Бас бухгалтерлер: Әнсәрі Әбідхалықов, Әсет Сұлтанов, Нұрбай Сердалиев, Әнуар Доланбеков, Жылқай Машрапин, Шырын Дастанов, Әділхан.
Бухгалтерлер: Нәзипа Отызбаева, Орынша Дүйсекова, Көреген Смайлов (кассир).
Бас экономистер: Бестібай Сарманов, Серік Мамышов, Асылбек Нұртазаев.
Өндіріс бригадирлері: Шайық Қалқаев, Тәліп Райымбеков, Өксікбай Қамысбаев, Манатбай Басхожаев, Уәли Әбусадиров, Камал Қалжанов, Мырзақым Мұстафаев, Кәнденбек Сақбаев, Нұрман Жақыпов, Нұрмағанбет Нұртаев, Жаназар Ахметов, Әлмағанбет Әшірбаев, Шәмет Қалдыбаев, Пәтеш Ырыспамбетов, Абызбай Кәденов, Беркінбай Смайлов, Маханбетияр Сатанов, Мұстафа Төлеген, Нұргелді Назарбаев, Нағмет Досманов, Анарбек Абызбаев, Нағмет Жанжігітов, Мұхамеджан Рахметов, Тасболат Нұржанов, Құрақбай Бегалиев, Әбекен Тоғызбаев (Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты), Бекболат Жолдыбаев, Сәрсен Абызбаев.
Ферма меңгерушілері: Тұрмантай Досманов (колхозшылардың ІІІ съезінің делегаты), Сейпіл Ахметов, Шайық Қалқаев, Молдабек Нұрмышев, Кәден Раев, Өтепберген Ермаханов, Камал Қалжанов, Алтынбай Боранбаев, Әділбек Бегайдаров, Дана Сапаров, Әріпхан Жақыпов, Әбекен Тоғызбаев.
Тексеру комиссиясының төрағалары: Әбдіхамит Әшіров, Тұрмантай Досманов.
Дәрігерлер: Тоқсан, Ерғазы Жексенбаев, Айтжан Аманбаева, Ақмарал Доскенова.
Бұл шаруашылықтан көптеген мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен еңбек озаттары шыққан. Солардың қатарында Беркінбай Пәрімбетов – Қазақстан Республикасының Құрылыс материалдары министрі, техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым академиясының академигі; Ажар Жарасқызы Сейдахметова – биология ғылымдарының кандидаты; Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев – математика ғылымдарының докторы, академик, «Қазақстанның Еңбек Ері» бар.
Еңбек озаттарының қатарында механизатор Мұсахан Көшербаев – «Ленин» орденінің, механизатор Шамшиддин Арыстанов – «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болды. Нұркүл Қалымбетова «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталып, колхозшылардың республикалық съезіне делегат болып қатысты. Камал Әбдібеков «Еңбек Даңқы» орденінің II және III дәрежелерімен марапатталды. Жорабек Қайбулдаев, Пәтеш Ырыспамбетов және Әзімхан Исмайлов «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегерлері атанды. Мұхамеджан Рахметов пен Тоқтар Шығанбаев «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Шопан Бәйділдә Оралбеков «Ленин» орденінің иегері болды. Бексұлтан Асанбаев «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет белгісі» орденімен наградталды. Алғашқы механизаторлардың бірі Айжамал Ыбыраева III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Бұдан басқа да түрлі марапаттарға ие болған еңбеккер күрішшілер қатарында Қамбарбек Шүленбаев, Бөпіш Шауқабаева, Мәрияш Бектауова және Бекнұр Тілесова болды.
Механизаторлар: Байназар Түменбаев, Махан Құлмағанбетов, Мүсілім Сүлейменов, Тәліп Бегайдаров, Шайқы Қайырбаев, Еген Қансақаев. Шопан – Қордабай Әуенесов.
Сауыншылар: Шәуен Мейранбаева, Патшагүл Қуандықова, Бақтыгүл Барлыбаева, Үмітгүл Әбішбаева, Биғанша Нысанбаева, Қаратай Жолдыбаева, Мүгілшін Әбілдаева, Раушан Нақыпбекова, Наужан Бегайдарова, Күлшәрі Әділова, Ұмсынай, Әзила Бегенова.
Озат бұзау бағушылар: Оразкүл Досмаханова, Балагүл Мәмбетова, Роза Елібаева, Қаракөз Райымбекова, Хадиша Әділова.
Әр жылдары шаруашылыққа Әзімхан Исмайлов, Мұхамеджан Рахметов, Төлес Аппасов, Сайлаубай Әбішов және Шахзатхан Қалымбетов басшылық етті.
Білім саласына келсек, Алғабас ауылында тұңғыш мектеп 1928 жылы ашылып, алғашқы кезде ауыл мешітінің ғимаратында орналасты. Сол жылы Республикалық Оқу-ағарту комиссариатының шешімімен араб графикасынан латын әліпбиіне көшу басталды. Алғашқы жылдары Пірназар Махан мен Өксікбай Қамысбаев 1930 жылға дейін араб әрпімен сабақ берсе, 1930 жылдан бастап Мырзабек Жазықбаев латын әліпбиімен оқыта бастады.
Оқушылар саны 18-25 баладан аспады. Себебі бұл кезеңде кәмпеске науқаны күшейіп, халық жан-жаққа көшіп, ауыл халқы сирей бастады. Кейін арнайы бастауыш мектеп ғимараты салынды. Алайда 1931-1933 жылдардағы ашаршылық салдарынан мектеп жұмысы уақытша тоқтатылды.
1933 жылы үш жылдық бастауыш мектеп қайта ашылып, оның меңгерушісі болып Мырзабек Жазықбаев тағайындалды. 1949–1950 оқу жылдарында бастауыш мектептің алғашқы мұғалімдері Шыныбек Сейділбаев, Жарас Сейдахметов және Қалила Ысқақова болды.
Кейін мектеп кеңейтіліп, 2004 жылға дейін №157 «Алғабас» орта мектебі болып аталды. 2004-2005 оқу жылында мектепке ауылдың тумасы, ғалым, профессор, академик Беркінбай Пәрімбетовтің есімі берілді.
Мектепті әр жылдары Әбен Бәкіров, Рүстем Тобажанов, Ақайдар Әлімханов, Айжамал Әбдіхамитова, Шерәлі Үркімбаев, Болат Сыздықов және Мария Қиясова басқарды. Қазіргі таңда мектеп директоры – осы білім ордасының түлегі Үсен Ахметов.
Бүгінде Алғабас ауылы Шиелі ауданындағы іргелі елді мекендердің біріне айналды. Ауылда мәдениет үйі, емхана, мешіт, үш қабатты орта мектеп, «Балауса» балабақшасы, «Машрап ата» спорт кешені, балалар ойын алаңы және оннан астам жеке сауда орны халыққа қызмет көрсетуде. Мәдениет үйін әр жылдары Ақайдар Бураханов пен Әзімтай есімді азамат басқарған. Ауылдың мақтаныштарының бірі – ақын Кенжебай Жүсіп.
Осы еңбегімде Алғабас ауылының қалыптасу тарихын, оның бүгінгі күнге дейінгі тыныс-тіршілігін және көнекөз қариялардан естіген естеліктерді жинақтап беруге тырыстым. Бұл еңбек толыққанды зерттеу емес. Сондықтан болашақта қосымша деректермен толықтырылып, тарихи маңызы арта түседі деп сенемін.
Айжамал Әдіхамитқызы,
Шиелі ауданының құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі








