Тамырын таныған ұрпақ тозбайды
Әр адамның жүрегінде туған жеріне деген ерекше ықылас болады. Ол – кіндік қаны тамған мекенге деген сағыныш, балалық шақтың бал дәмі сіңген қасиетті топыраққа деген құрмет. Алайда бұл сезім өздігінен қалыптаспайды. Ол – таным мен тағылымның жемісі. Туған жердің тарихын білген сайын оған деген сүйіспеншілік те тереңдей түседі. Ал өткенін танымаған ұрпақтың болашағының баянды болуы қиын. Сондықтан туған өлкенің тарихын таныту – ұрпақ тәрбиесіндегі ең маңызды міндеттердің бірі.Сыр бойының шежірелі өңірі Шиелі – талай тарланбоздың тұяғы тиген, талай тағдыр тоғысқан қасиетті топырақ. Осындай тарихы терең, тағылымы мол өлкенің өткені бүгінгі ұрпаққа қаншалықты таныс? Міне, осы сауал әрбір саналы жанды ойландыруы тиіс. Өйткені туған жердің тарихын білу – ұлтқа, елге деген құрметтің бастауы.
Не жетіспейді?
Егер адам өз ауылынан шыққан белгілі тұлғаларды таныса, сол жердің өткенімен таныс болса, оның туған жеріне деген мақтанышы арта түседі. Ал керісінше жағдайда туған өлкенің тарихы көмескі тартып, ұрпақ пен өткеннің арасындағы рухани байланыс әлсірейді.

Бүгінгі білім беру жүйесінде ұлттық деңгейдегі тарихи тұлғалар мен маңызды оқиғалар кеңінен қамтылғаны рас. Дегенмен әр өңірдің өзіндік шежіресі, сол жерде өмір сүрген дара тұлғалары бар. Өкінішке қарай, жергілікті жер-су атауларының тарихы, ақын-жазушылардың шығармалары, ауылдан шыққан батырлар мен қоғам қайраткерлерінің өмір жолы мектеп бағдарламасында толық қамтылмай келеді. Соның салдарынан балалар өз өлкесінің тарихынан бейхабар болып өсуде.
Тарихты танудың тірі жолы
Өлке тарихын таныту тек кітаппен шектелмеуі тиіс. Бала тарихи орындарды көзбен көріп, оның мәнін жүрегімен сезінгенде ғана ол мәлімет жадында сақталады. Шиелі өңірінде тарихи орындар мен ескерткіштер, көне қорымдар, ел жадында сақталған аңыз-әңгімелер жеткілікті. Оқушыларды осындай орындарға апарып, танымдық экскурсиялар ұйымдастыру – тәрбиенің ең тиімді жолдарының бірі. Себебі бала көргенін ұмытпайды.

Кейде кітапта жазылмаған деректер ауыл қарияларының жадында сақталады. Олар – өткеннің тірі куәгерлері. Өз көзімен көрген, үлкендерден естіген тарихи оқиғаларды кейінгі буынға жеткізетін де – солар. Сондықтан мектептерде көнекөз қариялармен кездесулерді көптеп ұйымдастыру – тәрбиенің маңызды бір бөлігі, ұлттың рухани құндылықтарын дәріптеудің таптырмас жолы.
Музей – өткеннің үнсіз куәсі
Шиелі ауданындағы өлкетану музейі – өткен мен бүгінді жалғап тұрған алтын көпір. Мұнда ауданның қалыптасу кезеңдері, алғашқы басшылар, еңбек ерлері, мәдениет қайраткерлері туралы құнды деректер сақталған.

Оқушыларды музейге апарып, тарихи жәдігерлермен таныстыру – олардың туған жерге деген көзқарасын өзгертеді. Әрбір экспонат – бір тарих.
Музейге барған бала ақпарат алып қана қоймай, өз өлкесінің терең тарихы бар екенін сезінеді. Қарапайым ғана сұрақ қойып көрейік: Шиелі ауданы қай жылы құрылды? «Шиелі» атауының шығу төркіні қандай? Өкінішке қарай, бұл сұрақтарға көпшілік нақты жауап бере алмайды. Тіпті жоғары сынып оқушыларының өзі тосылып қалуы мүмкін. Бұл – туған жер тарихының жүйелі түрде оқытылмауының айқын дәлелі.
Уақыт талабы – өлкетану сабағы
Сондықтан мектеп бағдарламасына өлкетану пәнін ең болмаса факультатив ретінде енгізу – уақыт талабы. Бұл пән арқылы оқушылар өз өңірінің өткенімен танысып, туған жерге деген құрметі мен сүйіспеншілігін арттырады.
Олар өз ауылының тарихын, жер-су атауларының мәнін, сол өңірден шыққан ақын-жазушыларды, батырлар мен еңбек адамдарының өмір жолын танып біледі. Мұндай білім жас ұрпақты елжанды, отаншыл азамат етіп тәрбиелеуге ықпал етеді.
Әрбір жас «Мен қай жерде өмір сүріп жатырмын? Бұл мекен қалай қалыптасты? Бүгінгі жетістікке кімдердің еңбегімен жетті?» деген сұрақтарға жауап таба білуі тиіс. Себебі туған жердің тарихын білу – отансүйгіштіктің бастауы.
Жергілікті билік, білім беру мекемелері, музейлер бірлесіп әрекет еткенде ғана бұл сала жанданады. Мектептер өлкетану музейлерімен тығыз байланыс орнатуы тиіс. Мұндай мүмкіндік тек кент пен көкшоқы аумағындағы оқушылармен шектелмей, ауданның барлық мектептеріне қолжетімді болуы қажет. Оқушыларды музейге апарып, тарихи жәдігерлермен, құжаттармен, көне суреттермен таныстырудың маңызы зор. Кітаптан оқыған ақпараттан гөрі, көзбен көріп, қолмен ұстап таныған дүниенің әсері әлдеқайда терең болады.
Елдің ертеңі – тарихын таныған ұрпақ
Туған жердің өткені мен бүгінін танымаған адам үшін әлем тарихын толық түсіну де қиын. Өйткені әрбір үлкен тарих – кішкентай ауылдан, шағын мекеннен басталады.
Туған жердің өткені мен бүгінін танымаған адам үшін әлем тарихын толық түсіну де қиын. Өйткені әрбір үлкен тарих – кішкентай ауылдан, шағын мекеннен басталады.
Өз жерінің тарихын білмеген ұрпақтың туған мекенге деген құрметі де әлсіз болуы мүмкін. Ал туған өлкесінің шежіресін таныған жас буын елінің қадірін терең түсініп, оның болашағына жауапкершілікпен қарайды.
Өлкетану ісін жандандыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Туған жердің тарихын таныған ұрпақ қана елінің ертеңін нық сеніммен жалғастыра алады.
Гүлхан ЯХИЯ