Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Өткен мен өткел

Өткен мен өткел

Туған жер – әрбір перзенттің бақ мекені, яғни шыр етіп дүние есігін аша сала бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті һәм құдіретті жері. Оған торқалы топырағын басып жүрген әр азаматтың жаны ашуы тиіс. Осы тұста Елбасы Н.Назарбаев та «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Иә, елінің дамып, өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, ерен ерлік көрсетіп, халық қамын жеген жандар ешқашан елеусіз қалмайтыны даусыз. Оған сәрсенбі күні Алғабас ауылдық округіндегі мәдениет үйінде өткен «Өткен мен өткел» атты деректі фильмнің көрсетілуі дәлел.

Фильм басталмас бұрын ҚР Мәдениет қайраткері, елімізге белгілі айтыскер ақын, Алғабас ауылының төл перзенті ­Кенжебай Жүсіп пен Алғабас ауылының әкімі Әділбек Бегайдаров сөз алып, бұл да бір тарих екенін тілге тиек етті. Жиынға ауыл тұрғындары түгел қатысты. Айта кетейік, аталған деректі фильмнің көрсетілімін ақын К.Жүсіп ұйымдастырған. Айтуынша бұл ой оған небәрі 23 жасында келіпті.
– 1989 жылдың 23 наурызында өзімнің анам Ақжан Сұлтанмұратқызы 70 жасқа толды. Төл мерекесіне орай ұл-қыздары дастарқан жайып, ауыл ақсақалдарының басын қосқан болатын. Өздеріңіз білесіздер, ол уақытта қазіргідей видеоға түсіретін құрылғылар болмады. Есесіне дауыстарын таспаға жазып алдым. Арада 30 жыл уақыт өткенде осыны пайдаланып, неге деректі кинофильм жасамасқа деген ой келді. Әрі жас ұрпақ тарихтан сыр шертетін фильмді көре отырып, өмірден өткен ауыл ақсақалдары мен қадірлі әжелеріміздің дауысын тыңдаса, бір жағы Алғабас ауылының өткені мен бүгінін көрсеткім келді. Үлкендермен ақылдасып, бұл істі аяғына дейін қолға алдым, – дейді ұйымдастырушы.
Фильмде Ұлы Жібек жолын іргелей қоныстанған аудандағы бірден-бір елді мекен – Алғабас туралы көрсетіледі. Сонымен қатар том-том тарихтан сыр шерте отырып, аталған ауылдың бүгінгідей дәрежеге қалай қол жеткізгендігі ­баяндалады. Сондай-ақ фильмде Кеңес үкіметі кезіндегі ауыртпалықтар мен қиындықтар, еңсесін еңбек тіктеген тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі көрініс табады. Әрине, бүтіндей бір ауылдың тарих қойнауындағы өмірін бір киноға сыйғызу мүмкін емес. Десек те кинода топтың ішінен таразылай отырып, еңбегімен елеулі болған азаматтар бейнеленеді. Оның ішінде бүгінгі ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың да төккен тері, еткен еңбегі бар. Міне, бүгінгі замандағы бақытты сәттер сол кісілердің жігері жасымай жұмыс істегенінің жеңісі әрі жемісі.
Көрсетілім аяқталған соң ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Жиылған көрермендер көзіне жас алып, ауылдың өткеніне ыстық сағынышпен қарады. Сонымен қатар ардагер-ұстаз Аманкүл Қалымбетова деректі фильм хақында өз ойын ортаға салды.
– Фильмді көре отырып, өткенге қайта оралғандай болдым. Марқұм анамның ­дауысы жүрегімді шымырлатып, елжіретіп жіберді. Осындай киноны көрсетіп, ұйымдастырып жатқан жандарға Алла разы болсын, – деді ауыл тұрғыны көзіне жас алып.
Осылайша ауылдың өткенімен танысып, келешегіне сенім ұялатқан шара тұрғындарға ерекше әсер сыйлады. Бір үйдің баласындай болған ауыл адамдары ұйымдастырушы мен фильмнің қоюшы суретшісіне зор алғысын білдірді. Сондай-ақ Алғабас ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әріпхан Жақыпов ауыл тұрғындарының ризашылығы ретінде Б.Қабылұлы атындағы аудандық мәдениет үйінің қоюшы суретшісі Дәурен Шегебаевқа шапан жауып, ат мінгізді.
Тағы бір ескеретін жайт, рухани мұраға бай мұндай шара ауданда алғашқы рет. Яғни аудандағы елді мекендердің арасында Алғабас ауылы деректі фильм түсіруден көш бастап тұр. Енді бұл игілікті шара өзге ауылдарда да көрініс тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

Фариза
КЕНЖЕШОВА
28 желтоқсан 2019 ж. 600 0