Қызылордада «Отбасы — бақыт мекені» ашық алаңы өтті

Іс-шараға әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, әйелдер кеңестері, «Қоғамдық келісім және тіл орталығы», «Әкелер одағы», «Анаға тағзым» орталығы, ата-аналар қауымы, мектепішілік қамқоршылық кеңес және «Ұлағат» ата-әжелер ансамблінің өкілдері қатысты.
Шара барысында отбасы тәрбиесі, ата-ананың бала алдындағы жауапкершілігі, ұрпақтар сабақтастығы, психологиялық тұрақтылық, кітап оқу мәдениеті және адал азамат тәрбиелеу мәселелері талқыланды.
Алдымен «Отбасылық құндылықтар және Конституция» облыстық конкурсының жеңімпаздары марапатталды. І орынды Жаңақорған ауданынан Ақылбековтер отбасы, ІІ орынды Жалағаш ауданынан Ахметжамиевтер отбасы, ІІІ орынды Қызылорда қаласынан Әзілхановтар отбасы иеленді.
Сондай-ақ бала тәрбиесіне және отбасылық құндылықтарды насихаттауға үлес қосқан ата-аналар мен әжелерге құрмет көрсетілді. Олардың қатарында көпбалалы аналар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері бар.
«Отбасы — тәрбие бесігі» бөлімінде облыстық «Әкелер одағының» төрағасы Ескендір Ержан, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова және өзге де қатысушылар отбасы тәрбиесіне қатысты пікірлерін ортаға салды.
Басқосуда әкенің бала тәрбиесіндегі рөлі, ата-ананың жауапкершілігі, отбасылық дәстүр, ата-әже өнегесі және мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бағдарлама аясында «STOP — RESET — GO» психологиялық тренингі ұйымдастырылып, қатысушылар эмоцияны басқару, күйзелісті төмендету және психологиялық ресурсты қалпына келтіру тәсілдерімен танысты.
Сонымен қатар «Жүректен жүрекке — ұрпаққа аманат» бөлімінде ата-аналар мен оқушылар арасында ашық сұхбат өтіп, ұрпақтар арасындағы сенім мен өзара түсіністіктің маңызы сөз болды.
Кітап оқу мәдениетіне арналған «Бір шаңырақ. Үш ұрпақ. Бір кітап» бөлімінде Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы негізінде сахналық көрініс қойылып, «12 айда — 12 кітап» жобасы таныстырылды.
Іс-шара соңында оқушылар «10 қадам — Адал азамат» перформансын ұсынып, адалдық, мейірім, жауапкершілік және азаматтық ұстаным құндылықтарын сахна арқылы жеткізді.







