Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » "АНАҒА ТАҒЗЫМ" ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

"АНАҒА ТАҒЗЫМ" ОРТАЛЫҒЫНА БАРДЫ

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева Сыр еліне белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен салынған «Анаға тағзым» орталығын аралап көрді.
Заманауи үлгідегі орталық қыз-келіншектерге, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрді жаңғыртуға мол мүмкіндік беруде. Мұнда үй тұрмысын үйлестіруді және қонақ күту дағдыларын үйрететін, психологиялық көмек беретін кабинеттер бар. Сондай-ақ, шығармашыл жандарға арналған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы, би орталығы, жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері қарастырылған.
Еске салсақ, өткен жылы Қызылордада "Анаға тағзым" орталығына қоса, отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында «Отбасы орталығы» да ашылған болатын. Бұл орталықта «Қазақы қарашаңырақ» идеологиясы дәріптеліп, рухани кемелденген жаңа буын қалыптастыруға жағдай жасалуда. Мұнда неке қию рәсімделіп ғана қоймай, жастардың жұбайлық өмірге бейімделуіне, денсаулығын сақтауына, жұмыспен қамтылуына, тұрғын үйге кезекке тұруына, ұлттық салт-дәстүрді сіңіруіне жәрдемдеседі. «Жастар денсаулығы», «Анаға тағзым», «Бақытты отбасы» орталықтары, «Отбасы банкі» келушілерге қызмет көрсетуде.
Айта кетейік, күні кеше Қызылордада «Анаға тағзым» республикалық Аналар форумы өтті. Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасы Аида Балаева, Парламент депутаттары, аталған комиссияның мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері, өңірлерден келген делегациялар, еңбек ардагерлері, мәслихат депутаттары, көп балалы аналар, ұстаздар, облыстың зиялы қауымы, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
04 наурыз 2024 ж. 125 0