Құрылыс пен өндіріс қуаты
Жексенбі күні облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы құрылысы қарқын алған бірқатар нысанды аралап көрді. Алдымен «Қорқыт ата» әуежайы терминалындағы жұмыс барысымен танысты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызыметі.
Жерлесіміз, меценат Болат Өтемұратовтың қоры өңірде халықаралық стандарттарға сай заманауи терминал салуға ниет білдіргені белгілі. Қазіргі әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал іске қосылғаннан кейін 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаяды. Құны 33 миллион долларды, алаңы 7500 шаршы метрді құрайтын әуежайда телескопиялық трап екі қабатты болады. Жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Жылдам әрі жайлы қызмет көрсету, өзін-өзі тіркеу бағандары, жүкті беруді өңдейтін автоматтандырылған жүйемен жабдықталады. Ал жергілікті әкімдік нысанға инфрақұрылым жүргізуде. Терминал құрылысы 2024 жылы аяқталмақ.
Әуежай – өңірдің негізгі әуе қақпасы, сондықтан заманауи сипатқа ие болуы қажет. Бұл ретте әуежай басшысына қор өкілдерімен бірлесіп, терминал құрылысына қажетті жұмысты үйлестіру, уақытылы аяқтау тапсырылды.
«Қызылорда» су торабындағы жөндеу жұмыстары 2020 жылдан бері жүргізілуде. Мердігер «Caspian Contractors Trust» ЖШС жөндеу жұмыстарын биыл желтоқсан айында аяқтайды деп жоспарланған. Су торабында 16 метрлік бес аралық бар, олар қақпалармен және апаттық-жөндеу шандорларымен жабылған.
Мұнан әрі облыс әкімі Бейбарыс сұлтан көшесіндегі «Неке сарайының» құрылыс жұмысын көрді. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метрден асатын зәулім ғимараттың құрылысы былтыр қыркүйек айында басталған.
Облыс әкімі жақын күндері ашылған тұрғын үй құрылысы комбинатының жұмысымен де танысты. Комбинат еден, жол плитасы, іргетас блоктары, маңдайша, таспалы іргетас, баспалдақ сияқты өнімдер шығарады. Жаңа зауыт сағатына 80 текше метр тауарлы бетон және күніне 120 текше метр темір-бетон бұйымдарын өндіре алады. Кәсіпорында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылды.
Аймақ басшысы болған тағы бір нысан «Анаға тағзым» орталығы жақын арада халық игілігіне табысталмақ. Ғимарат белгілі кәсіпкер, меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен 1,5 млрд теңгеге салынуда. Бұл орталықта қыз-келіншектерге, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтар дәріптеліп, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер жаңғыртылады. Келушілерге сән мен сымбат, үй тұрмысы, қонақ күтуді үйрететін, жан-жақты психологиялық көмек беретін кабинеттер болады. Мұнан бөлек, ғимаратта шығармашыл жандарға арналған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы, жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері орналасады.
Аймақ басшысы Абай даңғылы №47 «а», «б», «в», 51, 51 «а» тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру жұмыстарын да назарға алды. Маусым айынан бері демеушілердің қолдауымен 1 млрд 100 млн теңгеге облыс орталығындағы 50 үйдің қасбеттері заманауи панельдермен қапталуда. Оған қоса демеушілер 1 млрд теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулаларын абаттандыруда. Заманауи спорт алаңдары, тротуарлар, жарық бағаналары жаңартылуда.
Жексенбіде сондай-ақ облыс әкімі Ә.Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицей жанында салынған қосымша ғимарат құрылысын көрді. 600 орындық мектепте қазір 2275 бала білім алуда. Сондықтан білім ордасын кеңейту мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, қараша айында 375 орындық қосымша ғимараттың құрылысы басталған еді.
– Оқушы саны көп білім ошақтарының мәселесін тағы бір мектеп салып шешкеннен гөрі, қасына осындай қосымша ғимараттар салған тиімді. Қазір қала орталығында бос жер жоқ болғандықтан, жаңа мектеп шет жаққа түседі. Оған балаларын қатынату ата-аналарға қиын. Балалардың өз үйіне жақын, үйренген мектебінде оқығаны екі жаққа да қолайлы, – деді аймақ басшысы.
Айта кетейік, жаңа оқу жылына қарай мектептің қосымша ғимараты оқушыларды қабылдауға дайын болады.
Осындай қосымша ғимараттар №3, №264 мектеп-лицейлері мен Абай мектебінің жанынан бой көтеруде.
Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Сыр өңірінде құны 100 млрд теңгеден асатын 21 мектеп салынады.
Облыс әкімі жылына 33 мың тоннадан астам өнім өңдей алатын «Мағжан және К» ЖШС-ның күріш зауытында болды. Кәсіпорын заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған. Н.Нәлібаев ішкі нарыққа және ішінара экспортқа жіберілетін йодталған техникалық және ас тұзын өндіретін «Ассоль» зауытында да болды. 2021 жылы компания өнімдер мен қызметтердің сапасы бойынша ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алған.