Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Құрылыс – өркендеудің айғағы

Құрылыс – өркендеудің айғағы

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласында салынып жатқан нысандарды аралап, құрылыс жұмыстарын бақылады деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.



Алдымен аймақ басшысы Әли Мүсілімов атындағы №101 мектеп-лицейі жанындағы қосымша ғимарат құрылысымен танысты. 600 орындық мектепте қазіргі таңда 2275 оқушы білім алуда. Сондықтан білім ордасын кеңейту мәселесі күн тәртібіне енгізіліп, қараша айында қосымша 375 орындық ғимараттың құрылысы басталған еді. Келесі оқу жылына қарай мектептің жаңа корпусы оқушыларды қабылдауға дайын болады.
Облыс әкімі мектеп оқушыларының ыстық тамақпен қамтылуын көріп, балалар тағамдарының дәмді әрі құнарлы болуын қадағалауды тапсырды. Айта кетейік, биыл мемлекеттік мектептердің 1-4 сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл мүмкіндік облыстағы мемлекеттік білім беру ордаларындағы 70863 бастауыш сынып оқушыларына беріліп отыр. Әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасында тәрбиеленетін 5-11 сыныптағы 17382 оқушы да тегін тамақтанады.
Өткен жылы қыркүйек айында 1000 орындық Өнер орталығының іргетасы қаланғаны белгілі. Көпфункционалды кешеннің жалпы құны – 3,7 млрд теңге. Облыс орталығында өнерсүйер қауымның рухани кештерде бас қосуына, түрлі мәдени-көпшілік шараларды өткізуге арналған нысан жыл аяғына дейін пайдалануға берілмек.
Мұнан әрі аймақ басшысы Бейбарыс сұлтан көшесіндегі жалпы құны 1,6 млрд теңге болатын Неке сарайының құрылысын көрді. Жалпы аумағы 2 мыңнан астам шаршы метрді құрайтын зәулім ғимараттың құрылысы 2022 жылы қыркүйек айында басталды және биыл тамыз айында аяқталмақ.
Нұрлыбек Машбекұлы Сырдарияның сол жағалауындағы Қан орталығына барып, құрылыс жұмыстарымен де танысты. Құны 2,7 млрд теңгені құрайтын орталықта қан мен оның компоненттерін донациялау көрсеткіші жылына 500-ден 10 мыңға дейін жеткізіледі деп жоспарлануда. Орталық 2024 жылы ақпан айында пайдалануға берілмек.
Сондай-ақ сол жағалауда салынып жатқан 470 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйлер құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылдың аяғында құрылысы басталған бұл үйлер биыл қыркүйек айында ел игілігіне табысталады деп күтілуде.
Еске салсақ, қазіргі таңда Қызылорда облысында көптеген жаңа нысандар салынуда. Оның ішінде өткен жылы ашылған Жалағаш ауданындағы 250 орындық Оқушылар үйі мен өнер мектебін, Арал ауданындағы Балықшылар аллеясы мен Балықшылар монументін, Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылындағы Еңбекшілер аллеясын, Жаңақорған ауданындағы заманауи саябақты атап өткен жөн.
Биыл облыс орталығында жоғарыда аталған Өнер орталығы, Неке сарайы және Қан орталығының құрылысы жүргізілуде. Мұнан бөлек, Қызылорда қаласында зәулім Оқушылар сарайы, 7 мың орындық жабық стадион, «Анаға тағзым» орталығы, қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу-электр орталығы секілді заманауи нысандар бой көтермек.
18 ақпан 2023 ж. 267 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№97 (9261)

06 желтоқсан 2024 ж.

№96 (9260)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (9259)

01 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031